Токиода эпидахуалдың нашарлауына байланысты төтенше жағдай режимі ұзартылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін Токио мен 9 префектурада төтенше жағдай 6 наурызға дейін енгізілген еді. Жапония билігінің мұндай шешім қабылдауына вирус жұқтырғандар санының күрт өсуі себеп болып отыр. Өйткені өткен тәулікте онда 63 мыңнан аса науқас тіркеліпті. Қазірдің өзінде бірқатар өңірдегі мейрамханалар мен барлардың жұмыс уақытына шектеу қойылған. Бұл ретте Еуропалық медициналық орталықтың дәрігерлері коронавирусқа қарсы мықты иммунитет қалыптастырудың бірегей жолын ұсынуда. Ол үшін вакцинаны нәресте дүниеге келген сәтте салған дұрыс дейді шетелдік мамандар.
«Қазіргі уақытта «омикроннан» айыққан балалардың көбі екпе алып жатыр. Өйткені бұл штамды жұқтырған бүлдіршіндерде ауру ағымы ауыр өтіп, белгілері айқын білінуде. Бірақ тез сауығады. Сондықтан нәресте дүниеге келген уақытта егілетін тұмау екпесі секілді, бірден коронавирусқа қарсы вакцина салған дұрыс. Сонда ғана бұл инфекция адамға қауіпті болмайды. Яғни, вирусты толық бақылай аламыз», - деді Еуропалық медициналық орталықтың терапевті Владимир Сибирский.
Ал елімізде эпидахуал тұрақталып, науқастар қатары азайып келеді. Соңғы тәулікте барлығы 263 адам коронавирус жұқтырды. Ең көп сырқаттанғандар Алматы қаласында тіркелген. Өйткені жексенбі күнгі статистика бойынша, мегаполисте 95 адам вирусқа шалдығыпты. Қазіргі уақытта «қызыл» аймақта бірде-бір өңір жоқ. Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы «сары» аймақта, қалған өңірлердің барлығы «жасыл» аймақта тұр.