Қарағанды облысында бірнеше қала карантинге жабылады
2020 жылдың 30 наурызынан бастап Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалалары карантинге жабылады, деп хабарлайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Карантин 2020 жылдың 30 наурызында сағат 00:00-ден басталады. Біз карантин шараларын Қарағанды қаласының аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 жағдайға байланысты қабылдап отырмыз», - деді Қарағанды қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров онлайн-брифинг барысында.
Аталған қала тұрғындары Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына және Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 17 наурыздағы № 2 шешіміне сәйкес төтенше жағдай режимін сақтаулары қажет.
Айта кетсек, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантинге жабылған.
Еске салсақ, елімізде 265 адамнан коронавирус анықтады. 18 адам жазылып шықты. Қауіпті вирус салдарынан 1 адам қайтыс болды.