Әлем елдері шектеу шараларын күшейтті

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Жұқтырушылар саны бойынша АҚШ, Үндістан және Бразилия көш басында тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап Германияда логдаун жарияланды. Шектеу шарасы ай соңына дейін жалғаспақ. Германия канцлеры Ангела Меркель 28 қазанда карантин режимі енгізілетіні туралы жариялаған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Оның айтуынша, елдің денсаулық сақтау жүйесі әзірше науқастардың өсуімен күресіп жатқанымен, жалпыұлттық карантин жарияланбаса, бірнеше аптадан кейін мүмкіндіктері шегіне жетуі мүмкін. Аталған елде фитнес-клубтар жабылып, қоғамдық тамақтану орындары жеткізу қызметі бойынша ғана жұмыс істесе, мектептер, бала бақшалар, шаштараздар мен дүкендер жұмысын жалғастырады. 

Еске салайық, Германияда пандемия басталғалы науқастар саны 532 мың 930-ға жеткен, 10 мың 481 науқас көз жұмса, 355 мыңнан аса адам аурудан айыққан.

Ал, Англия билігі болса 2 желтоқсанға дейін логдаунды созуды ұйғарыпты. Мұндай шешім елде коронавирус жұқтырушылар санының артуына байланысты қабылданған. Аталған мемлекеттің премьер-министрі Борис Джонсонның сөзінше ауруханаға түскен науқастарға дәрігерлер ем көрсетіп үлгермей жатыр. Сондықтан, шектеу енгізіп, барша азаматтарды үйден себепсіз шықпауға шақырды. Бұл мемлекетте жалпы COVID-19 инфекциясын 1 миллионнан аса адам жұқтырса, 46 мың 717 жан көз жұмған. 

Чехия соңғы 7 күнде COVID-19-дың құрбаны болғандарың саны бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Бір апта ішінде 1 мың 174 адам көз жұмған. Чехияда 5 қазаннан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Яғни, қауіпті аймақта орналасқан мектептер жабылып, мәдени шаралар өткізілмейді. Сондай-ақ, бір ғимарат ішінде 10 адамнан артық жиналуға тыйым салынды. 

Жаһандағы жағдай да мәз емес. Қауіпті індетті жұқтырғандар саны 46 миллион 500 мыңға жақындап келеді. 31 миллион адам жазылып шықса, 1 миллионнан көп азамат індеттің құрбаны болды. Ал, жұқтырушылар саны бойынша АҚШ, Үндістан және Бразилия көш басында тұр. Көрші Ресейдің де жағдайы мүшкіл. 

Новости партнеров