Бүгінде бұл қауіпті вирусты қала бойынша 239 бала жұқтырып, ауруханаларда ем алуда
Алматыда коронавирус инфекциясы балалар арасында да өршіп барады. Бүгінде бұл қауіпті вирусты қала бойынша 239 бала жұқтырып, ауруханаларда ем алуда. Тек қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының екінші стационарында 148 науқас тіркеліп, олардың 80 пайызының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. «Қызыл» аймақтағы жан сақтау бөлімінде болып, науқастармен тілдесіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт жағдайды толық баяндайды.
Қалалық балалар жұқпалы ауруханасына ауыр халде түскен Нұржан Құдайбердіқызы 2 бүлдіршіннің әжесі. Осыдан 4 тәулік бұрын таксиге отырғанда өзге жолаушының қатты жөтелгенін байқаған. Осылай, небәрі 2 күн ішінде алдымен өзі, келіні, кейін баласы мен 2 немересі де төсек тартып қалыпты. Қазір ауруханада түгел отбасы мүшелері ем қабылдауда.
«Екі немерем ауырып қалды. Біріншісі 2 жаста, екіншісі 1-де. Сол күні коронавирусты жұқтырып, дене қызуы көтерілді. Іштері өтті қатты. Іштері өткені соншалық, күніне он шақты мәрте үлкен дәретке барып, жаман болып кетті. Есім шықты осы балаларым үшін. Абай болыңыздар, сақтаныңыздар!» – деді науқас балалардың әжесі Нұржан Әлжанова.
Дәл осылай, көршілес бөлмеде ем қабылдап жатқан 4 айлық бүлдіршіннің анасы да ауруханаға перзентімен ауыр халде түскендерін айтады. Қазір өздерінен бөлек, отағасы мен үлкен ұлы да өзге стационарға жатқызылғанына 8 тәулік болыпты. Балапанының дене қызуы көтеріліп, тыныстай алмай қалғаны – жас келіншектің үрейін тудырған. Қауіпті індеттің ілмегіне ілінген 12 жастағы Дильназ Сағатбек те бұлай қатты ауырмағанын айтады.
«Басым қатты ауырды. Кейін дене қызуым көтеріліп, өзімді жаман сезіндім. Ешқайда шықпаған едім. Бірақ, әкем қалаға тісін емдетуге барып, содан жұқтырып келіпті», – деді науқас Дильназ Сағабек.
Ауруханада 2 күн бұрын ауыр халдегі 4 бала қарапайым палатаға ауыстырылыпты. Ал, 1 шақалақтың жағдайы әлі де ауыр, өз бетімен тыныстай алмайды екен. Қазір жансақтау бөлімінде 24 сағат медицина қызметкерлерінің бақылауында.
Мұнда жатқан нәрестенің дүниеге келгеніне 26 күн ғана болыпты. Қазір өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, өзінің өмірі үшін күресуде. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестені перзентханадан анасымен бірге үйіне шығарғаннан кейін қазақтың салт-дәстүрі бойынша қонақтар жиылса керек. Нәтижесінде COVID-19 вирусын бірінші болып анасы, кейін бірден баласына жұққан.
Ал, дәрігерлер осылай жұқтыру жағдайының көбеюіне жаңа штаммдардың тез дендеуі себеп дейді.
«Ем алып жатқан балалардың бәрі протокол бойынша ем қабылдайды. Солардың шағымдары, анализдеріне қарай бүкіл ем жүргізіледі. Барлықтарының жағдайы орташа, тұрақты болып есептеледі. Барлығы аман-есен үйіне шығарылады. Ата-анасымен бірге жатып ем қабылдайды», – деді балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Оспанбаева.
Одан бөлек, бұл ауруханаға COVID-19 вирусын жұқтырған ересектер де қабылданып жатыр. Қазір олардың саны 411-ге жетті. Ал, ауыр халдегі 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев,«Алматы» телеарнасы.