Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес Павлодар облысында қалааралық және ауданаралық бағытта жолаушыларды тасымалдау тоқтатылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта өткізген баспасөз мәслихатында Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ғизат Абешев мәлім етті.
«Ақсу-Павлодар бағытын қоспағанда, облыс ішіндегі қалааралық және ауданаралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты жеткізу немесе өзімен бірге алып кету режиміне ауыстырылады. Сауда орындары, таксилер мен қоғамдық көліктерде санитарлық дезинфекция күшейтіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 9-дан 18.00-ге дейін алдын ала жазылу арқылы қызмет көрсетеді және сенбі, жексенбі, мереке күндері жұмыс кестесіне тыйым салынады», – деп атап өтті Ғизат Абешев.
Департамент өкілінің айтуынша, мұндай шектеулер өңірдегі эпидемологиялық жағдайдың нашарлауына және ауру көрсеткішінің артуына байланысты енгізіліп отыр.
«Бүгінгі таңда өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 226 жағдай тіркелді. Оның ішінде 172-сі белгілері бар болса, 54-і белгілері жоқ. 12-сі мектеп оқушысы мен екеуі - студент. Тұрғындар маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды. Мұның барлығы жаппай ауруға әкеледі», – дейді Ғизат Абешев.