Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзудың анықталуына және жасалған ескертулерді елемеуіне байланысты «Артист» («Bm Trade Company» ЖШС) барының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv
Мониторингтік топ тексеру нәтижесінде бұрын мекемеде бірнеше рет жұмыс кестесін сақтамау және адамдардың жаппай жиналуына жол беру сияқты бұзушылықтар анықталған. Топ келген кезде «Артист» барында 300-ден 500-ге дейін адам болған, бұл адамдардың коронавирусты жаппай жұқтыруына әкелуі мүмкін еді.
Соңғы деректер бойынша, Алматы қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанған 18 мыңнан астам адам тіркелген, оның 389-ы өліммен аяқталған
Осы жылы 8 қазан мен 28 желтоқсан аралығында заңды және жеке тұлғаларға жалпы сомасы 79,2 млн теңгеге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша шектеу іс-шараларын сақтамағаны үшін 981 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Оның 16-сы сотқа берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін күшейтілген шектеу шаралары қолданылады. Осы кезеңде жаппай жұқтыруға ықпал ететін ойын-сауық, спорттық және жаңажылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге рұқсат берілмейді.
Алматы әкімдігі қала тұрғындарын коронавирустық инфекция бойынша мереке күндері санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырады.