Алматыда карантиндік ережеге бағынбаған кәсіпкерлік нысандар анықталды. Ұсталғандардың арасында бірнеше мәрте тәртіп бұзған мекемелер де бар. Ең қызығы, олар осы уақытқа дейін Ashyq қосымшасын пайдаланбастан жұмыс істеп келген. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітеді.
Әуезов ауданының мониторингтік тобы карантин талабын бұзған Төле би көшесінің бойында орналасқан түнгі мекемені ұстады. Түн ортасында жайбарақат жұмыс істеп жатқан нысан келушілерге лық толы. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қорды да әр жерден байқауға болады. Көп ұзамай мамандар кәсіпкер мен маскасыз жүрген қызметкерлерге хаттама толтырды.
Анықталғандай, бұл нысан осымен бірнеше рет ереже бұзып отыр. Онымен қоймай Ashyq қосымшасын да орнатпаған. Айта кетейік, бас санитардың қаулысына сәйкес мобильді бағдарлама болса түнгі сағат 02.00-ге дейін, болмаған жағдайда кешкі сағат 22.00-ға дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген болатын.
«Біздің ауданда үнемі рейд жұмыстары жүріп тұрады. Қазіргі уақытта 6 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Яғни, күндіз үш топ шықса, қалған үшеуі түнде шығады. Сондықтан да алдағы уақытта тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айдын Айбынов.
Тексеруші топ көп ұзамай жасырын жұмыс істеген тағы бір мекемені анықтады. Мұнда да дәл сондай жағдай Ashyq бағдарламасы орнатылмаған. Кейін мамандар барлық келушіні сыртқа шығарып, кәсіп иесіне хаттама толтырды.
«Кәсіпкерлер карантиндік ережелерге жауапкершілікпен қараса екен. Себебі, олар үшін кәсібі ұлт денсаулығынан кейін екінші орында тұру керек. Қала тұрғындарынан да өтінерім қала қызыл аймақта болғандықтан бей-жай қарамайық», – деді СЖҚК Агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.
«Ashyq бағдарламасын алып түнгі 02.00-ге дейін істейміз деп карантиндік талаптарды бұзуға болмайды. Мекемеде қызметкерлер маскамен жүру керек. Залдың толтырылуы белгіленген мөлшерден аспау керек», – деді Кәсіпкерлер палатасының Әуезов аудандық филиалының директоры Дінмұхамед Қонысбек.
Әуезов ауданында мониторингтік топ 24-31 мамыр аралығында 207 мекемені тексеріп, 45-не айыппұл салған.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы