Эпидемия басталғалы жер шарындағы 107 миллион 400 мыңдай адам вирус жұқтырған. Оның 2 миллион 330 мыңнан астамы мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тізімді АҚШ, Үндістан, Бразилия бастайды. Артынша Ұлыбритания және Ресей мемлекеті тұр. Жұқтыру бойынша алдыңғы бестікке кіретін Ұлыбритания билігі - 15 ақпаннан бастап елге кіру кезінде карантинді бұзғандар үшін жазаны күшейтуді жоспарлап отыр. Билік, бүгінгі күні 33 мемлекетті «қызыл тізімге» енгізген, сол мемлекеттерден оралғаннан кейін 10 күн карантинде қонақ үйде болып, коронавирустық сынақтан екі рет өту керек болады. Денсаулық сақтау министрі Мэт Хоктың айтуынша ПТР-тестін тапсырмағандарға салынатын айыппұл өсе береді және автоматты түрде карантин күндері ұзартылады. Айыппұл сомасы - 1000 фунт стерлингтен басталады. Ол дегеніміз 576 мың теңге.
Ал, Австрияда керісінше апта басынан бері елде шектеулер азайып, мектептер, дүкендер мен тұрмыстық қызмет көрсету салондары ашылды. Билік өкілдерінің айтуынша, қатал карантин шаралары соңғы кездері нәтижесіз болған. Есіктерін айқара ашқан мекемелерге кіру үшін міндетті түрде ПТР-тесттің теріс нәтижесі болуы шарт қолыңызда.
Қытайда зерттеу жүргізіп жатқан Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері коронавирус адамға тікелей жарқанаттан тарағаны шындыққа жанаспауы мүмкін деп отыр. Оны қытайлық әріптестері де мойындауда. Тексеріс кезінде Ухань қаласындағы базардан бөлек, өзге жерде де вирус ошағы болғаны анықталған. Алайда, нақты қай жер екені белгісіз. Сондай-ақ ғалымдар вирус лабораторияда пайда болды дегенді жоққа шығарып отыр.