Шымкентте карантин ұзартылғанымен, шектеу шаралары жеңілдетілді

almaty.tv
almaty.tv
Карантин мен шектеу шаралары 28 қыркүйекке дейін тағы ұзартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте карантин мен шектеу шаралары 28 қыркүйекке дейін тағы ұзартылды. Бірақ шектеу шамалы жеңілдетіледі, дейді жауаптылар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігерінің 38-ші рет шығып отырған қаулысынан белгілі болды. Соңғы қаулының шымкенттіктер өміріне әкелген жаңашылдықтары туралы өңірдегі тілші тарқатады.

Шымкентте карантин жеңілдетілді әрі 28 қыркүйекке дейін ұзартылды. Мәселен, бұған дейін демалыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген киім-кешек саудасына ішінара рұқсат берді. Ендігі төбесі ашық базарларға сенбі күні таңғы 06.00-дан кешкі 18.00-ға дейін жұмыс істеуіне болады. Сонымен қатар, SPA-орталықтарға, сұлулық салондарына, шаштараздарға, моншаларға дүйсенбіден жұма аралығында 21.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Қоғамдық көліктер де сенбі күні жолға шыға алатын болды. Бірақ карантин жеңілдеді екен деп сақтық шараларына немқұрайлы қарайтындар қатары көбеюде. Қоғамдық көлікке еш кедергісіз бетпердесіз кірген жолаушыларда бар. Ондағы арақашықтық сақтау ережесі мүлде сақталмаған. Десе де автобустағы кондукторлар бұл олқылықты тек түсірілім тобы ескерткен соң ғана байқап отыр.

Өткен сенбіде шымкентте ауылшаруашылық жәрмеңкесі қайта басталды. Оны өткізу карантин режимі енгізілгелі тоқтатылған еді. «Қажымұқан» атындағы орталық стадион алдында жайылған жәрмеңкеден ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын нарық  бағасынан 10-15 пайызға төмен сатып алуға мүмкіндік туды.

«Өздеріңізге белгілі қалыптасқан жағдайға байланысты бізде қала әкімімен ұйымдастырған жәрмеңке жарты жыл мерзімге уақытша тоқтатылған болатын. Мына қазір кішкене жағдай тұрақталғанына байланысты қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жәрмеңкенің жұмысын қайта ашып отырмыз. 200-ден астам қала кәсіпкерлері көршілес аудандардан Төлеби, Түлкібас, Сайрам ауданынан кәсіпкерлер кеп қала өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынып отыр», – деді қалалық Ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайрат Базарбеков.

Ұйымдастырушылардың жәрмеңкеде карантин талаптарын сақтауға талпынғандары байқалады. Дезинфекциялық өткелдер орнатылып,  төтенше жағдай, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылды. Алайда мұнда да бетпердесіз жүрген жұршылықтың қарасы қалың екені байқалды.

Ботагөз Әбдіжәлел, Нұрлан Бексаидов, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Новости партнеров