|
30.06.2021 | 16:08
4808

Ақымақтығымнан осындай күйге түстім ‒ КВИ жұқтырып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан науқас

Алматыда да коронавирус жұқтырған науқастар қатары көбейіп жатыр

Алматыда да коронавирус жұқтырған науқастар қатары көбейіп жатыр. Бүгінде індеттің ілмегіне ілінгендердің жалпы саны 74 мың адамға жетіп отыр. Тек соңғы тәулікте 253 жаңа жағдай тіркелген. Олардың арасында үнділік «дельта» штаммын жұқтырған бірнеше науқас бар. Олардың жағдайы қалай? Қызыл аймақта болып, вакцинадан бас тартудың салдарынан ауыр халге түскен науқастармен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.

Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөлімінде біздің арна тілшісі болып қайтты. Бүгінде бөлімде коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 науқас өте ауыр халде жатыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Тілшіміз  ол жерге кіру үшін арнайы киімдерді киген. Науқастардың демалуы өте ауыр. Мамандардың айтуынша, адамдардың осындай жағдайға түсуіне вакцина алмауы ‒ басты себептердің бірі дейді.  

71 жастағы Ираида Теннің ауруханаға нашар халде түскеніне 1 ай болған. Бүгін ғана жан сақтау бөлімінен шығыпты. Бірақ әлі де жоғары қуатты оттегі аппаратына қосылған. Кесел мені айналып өтеді деп ойлаған зейнеткер вакцина алуға асықпап ем дейді.

«Білесіз бе, егер екпе алу қажет болса, мен міндетті түрде салдырамын. Бұған дейін вакцина алу керек екенін мән бермедім. Себебі оның пайдасын түсінбедім. Ал, коронавирусты жұғады деп, тіпті ойламаған едім. Өкінішке қарай, ақымақтығымнан осындай күйге түстім. Жан сақтау бөлімінің арқасында ғана аман қалдым», ‒ дейді науқас Ирайда Тен.

2 баланың анасы Хорлан Алмасбекқызы да коронавирус жұқтырып, ем алып жатқандардың бірі. Вирустың қауіптілігін басынан өткерген науқас жазылған соң, бірден екпе алатынын айтады.

«Дем жетпей, қатты қиналып, осы ауруханаға түстім. Мен негізі вакцина алмаған едім. Қазіргі індет ешкімді аяп жатқан жоқ. Адам өзін-өзі сақтамаса, өте қиын жағдайда болады екен. Осы вакцинаны алуға шақырамын», ‒ деді Хорлан Алмасбекқызы.

24 жастағы Бекзат Үшкемпіров те биыл вирус жұқтырып, қатты ауырған. Көпшілік өзін және жақындарын қорғау мақсатында вакцина алып жатқанда, сенімсіздік таныттым дейді. Қазір бұл ісіне өкінетінін және «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал деп отыр.

«Коронавирус инфекциясының бір қулығы ‒ ол сенің бүкіл бұрыннан ауыратын, асқынған жеріңнен ұстайды. Соны ары қарай асқындырып, қиындатып жібереді. Бұл вирустың біздің қазіргі дәрігерлердің үйреніп қаллған еміне бағынбайтындығын, бұған бір жаңа тыныс, жаңа леп керек екенін сол кезде түсіндім. Ауырғаннан кейін еш нәрсеге қараған жоқпын. Бізде қандай вакциналар салынып жатқанын қарадым да, өзім таңдап, сол вакцинаны салдыруға шештім», ‒ дейді қала тұрғыны Бекзат Үшкемпіров.  

Қазір шаһарда «дельта» штаммын жұқтырды деген күдікпен бірнеше науқас модульдік ауруханада ем алуда. Індет шет мемлекеттен жеткендіктен, табиғаты әлі де белгісіз екен. Дегенмен мамандар оны зерттеп, сараптама жұмыстарын жасап жатыр.

«Күдіктенген кісілер бар. Бірақ біз ол кісілерді басқа ешкімге қосып жатқан жоқпыз. Ол кісілердің жағдайлары тұрақты. Аман-есен. Жазылып келе жатыр. Үнді вирусын  мутацияланған түрі дейміз. Жаңағы вирустың сыртқы қабатындағы антигендердің өзгеруі. Алдыңғы вирустарға қарағанда ерекшелігі ‒ жұқтыру қаупі жоғары. Сол себепті әр адам екпе салдырып алса, ағзасы қорғанған болса, ешқандай да үнді штамы бізге қорқынышты болмайды», ‒ деді И. Жекенова атындағы Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.

Бүгінде Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 74 мыңнан асқан. Тек соңғы тәулікте 126 жаңа жағдай тіркеліпті. Оның ішінде 54 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Осы тұста дәрігерлер бұл вирусты жеңудің жалғыз жолы вакцина екенін айтады. Ал, қоғамның қауіпсіздігі үшін кем дегенде халықтың 75 пайызы екпе алуы қажет. Бірақ шаһарда әзірге тек тұрғындардың 40 пайызы иммунитетке ие, вакцинацияланған.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев,«Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир