Алматыда 150 адамға той өткізген мейрамхана анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар мекеме әкімшісіне хаттама толтырып, жауапты органга жолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда кеше 150 адамға той өткізген мейрамхана анықталды. Мекеме әкімшісі карантиндік талаптарды бұзуға болмайтынын білсе де, ережелерді елемеген. Дәл осындай тағы бірнеше мекеменің жұмысы әшкереленді. Олардың арасында осыған дейін де сақтық шараларын сақтамаған кәсіпкерлік нысандары бар, деп хабарлайды Almaty.tv

Наурызбай ауданының мониторингтік тобы өткен демалыс күні жасырын той өткізген мейрамхананың  үстінен түсті. Кәсіпкерлік нысанның 150-ге жуық келушіні қабылдап, карантин талаптарын өрескел бұзғаны анық болды. Мамандар мекеме әкімшісіне хаттама толтырып, жауапты органга жолдады.      

«Наурызбай ауданында 4 мониторингтік топ бар. 2 топ күндіз, қалған 2-уі түнде шығады. Кәсіпкерлерге айтарым өздеріңізді және жақындарыңызды ойлап, денсаулықтарына қауіп келтірмей, жауапкершілікпен қарайық», – деді Наурызбай аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің маманы Дәурен Нұржан.

Тексеріс жұмыстары түнде де жалғасып, қалалық штабтың мамандары Тимирязев көшесінің бойындағы мекеменің жұмысын әшкереледі. Мұнда келушілердің көптігі соншалық, іші де сырты да адамға лық толы. Әрі мұнда тыйым салынған қор-қор да шегіліпті.

«Жалпы өздеріңізге мәлім, Алматыда эпидахуал өршіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі таңда бас санитардың жаңа қаулысы қабылданды. Осы мезетте аудан және қала кәсіпкерлерін заң шеңберінде жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Бостандық аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбен Тынышқали.

Ал мекеме әкімшісі болса, анықталған фактілерге қарамастан дұрыс жұмыс істеп жатқанын айтып ақталды.

«Біз Ашық жүйесі бойынша жұмыс істейміз. Келген қонақтарды тек көк, жасыл белгісімен кіргіземіз. Қызыл болса мүлде кіргізбейміз», – деді мекеме әкімшісі Мөлдір Кәрібаева.

Көп ұзамай мамандар Назарбаев даңғылының бойындағы мекемелердің де жұмысын тексеріп, санитарлық ереженің бұзылғанын анықтады. Әдеттегідей, келуші саны көп. Естеріңізде болса, бұл мекемелер осыған дейін де бірнеше мәрте тәртіп бұзып, көзге түскен еді.

«Ауданда әдеттегідей 4 мониторингтік топ күні-түні жұмыс істеп жатыр. Аудан кәсіпкерлері мен тұрғындарынан өтінерім барлық санитарлық талап пен маска режимін сақтайық. Мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.

Айта кетейік, қала қызыл аймақта болғандықтан, тексеріс жұмыстары күшейтілді. Санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда хаттама толтырылып, ауыппұл салынады.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев Алматы телеарнасы

Новости партнеров