Коронавирус індеті еліміздің 7 өңірінде өршіп тұр

informburo.kz
informburo.kz
Індетті жұқтыру деректері көбінде үлкен кәсіпорындарда тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирус індеті еліміздің 7 өңірінде өршіп тұр. Өсу статистикасы Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында байқалған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Індетті жұқтыру деректері көбінде үлкен кәсіпорындарда тіркелген. Министр мұны ұжым арасында науқастардың көбеюімен байланыстырып отыр. Жалпы төтенше жағдай режимі аяқталғаннан бері елде 3 жарым мыңнан аса адамнан жұқпалы дерт анықталған.

«Өсім үлкен кәсіпорындарда тіркелген. Атырау облысындағы Тенгизде 1063, Қарағанды облысында 358, Шымкенттегі «Петроқазақстан» ұйымында 2019 науқас тіркелген. Сондай-ақ, Нұрсұлтан,Түркістандағы құрылыс кәсіпорындарында 80-нен астам науқас анықталды. Жамбыл облысы мен Алматыда әскери ұйымдардың ішінде науқастар тіркелді», – деді   ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Тағы бір айта кететіні, елімізде коронавирус жұқтырған науқастардың 70 пайызында аурудың белгілері жоқ. Бұл ретте отандық зертханалар тәулігіне 25 мың тест жасай алатын деңгейге жетіпті. Нәтижесінде ауру симптомы жоқ науқастарды анықтауға мүмкіндік туған. Медициналық қызметкерлер күн сайын шамамен 85 пайыз жағдайда симптомы жоқ науқастарды анықтайды екен.

«Жалпы эпидемия басталғалы бері елімізде 711 мың тест өткізілді. Оның 260 мыңнан астамы  профилактикалық мақсатта жүргізілді. Үлкен ұжымдарда шығып, медициналық ұйымдарда, арнайы әлеуметтік ұйымдарда біз скрининг өткізіп, біраз науқасты тауып, изоляцияға жіберіп жатырмыз», – деді   ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Елжан Біртанов елде қауіпсіздік шаралары сақталмаса, жағдай жақсармаса, карантин талаптарының күшейтілетінін айтты. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам науқас дертінен айықты. Ал індетті жұқтырғандар саны  9 мыңнан асты. 37 адам қауіпті дерттен көз жұмды.

Новости партнеров