|
23.10.2020 | 16:23
834

Елордада «СК-Фармация» қоймасына арнайы мониторинг жүргізілді

«СҚ-Фармацияның» елордадағы қоймасы республика бойынша 85 медициналық мекемені дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді

Елордада «СК-Фармация» қоймасына арнайы мониторинг жүргізілді Фото: Султан Сеитов/Elorda Aqparat

«СК-Фармация» коронавирустың екінші толқынында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаншалықты дайын? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мен қоғамдық бақылау мүшелері елордадағы дәрілер қоймасына арнайы мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы тарапынан қатты сынға ұшыраған «СК-Фармацияның» жаңа басшысы Ерхат Есқалиев кездесу барысында компанияның жұмысы барынша ашық түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл мекеме жалпы құны 14 миллиард, 50 миллион теңге болатын 85 тапсырыс берушімен 721 келісімшарт жасасқан. Айтуынша, аталған соманың 13 миллиард, 95 миллион теңгесіне алынған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар діттеген жерге жеткізілген.

«Бұл жерде ешқандай көзбояушылық жоқ. Негізгі мақсатымыздың бірі – халықтың сенімін қайтару. Мұндай сенімді тек осындай тексеріс органдарының, қоғамдық бақылау мүшелерінің арқасында ғана қайтара аламыз. Әлеуметтік желіде де атқарып жатқан шаруамызды ашық жариялап жатырмыз. Мәселе, оңай жолмен шешіле салмайды. Барлық тағылған сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға тырысамыз», – деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.

Айта кетейік, «СҚ-Фармацияның» елордадағы қоймасы республика бойынша 85 медициналық мекемені дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. Олардың ішінде бесеуі – республикалық клиника, сексені – қалалық медициналық орталықтар. Сондай-ақ, компания басшылығы коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар екенін мәлімдеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир