Наурызбай ауданында жасалған рейдте бірнеше заңсыздық анықталды

almaty.tv
almaty.tv
Бекітіліген ережені ескермей, жұмысын астыртын жалғастырып келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала бойынша мониторингтік топтар қарқынды түрде жұмыс істесе де, заңбұзушылық тоқтар емес. Мәселен, Наурызбай ауданында жасалған рейдте бірнеше заңсыздық анықталды. Оларға қандай жаза қолданылмақ? Ережені елемей жүргендер көп пе? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.

Наурызбай ауданының мониторингтік тобы заңсыз жұмыс істеп тұрған букмекерлік орталықтың үстінен түсті. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, мұндай нысандардың жұмысына тыйым салынған. Алайда қызметкерлер басшыларының жұмысты тоқтатпаңдар деген тапсырмасын орындап жатқанын жеткізді.

Бұл – Наурызбай ауданының мониторингтік тобы әшкерелеген компьютерлік клуб. Бекітіліген ережені ескермей, жұмысын астыртын жалғастырып келген. Көріп тұрғанымыздай, жарықты сөндіріп, келушілерді жайбырақат қабылдай берген. Алайда біздің түсірілім тобын көре сала, барлығы жапа-тармағай тарай жөнелді.

Ал тосыннан келген тексерісті күтпеген бұл нысанның әкімшісі мұнда тек туыстар жүрміз, мекеме жұмыс істеп жатқан жоқ деп ақталды. Алайда келушілер компьютерді қолдану үшін төлем жасағандарын айтты. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар.

Келесі кезекте мониторингтік топ аудандағы дүкендердің біріне бас сұқты. Мұндағы санитарлық талаптардың қаншалықты дұрыс сақталып жатқаны тексерілді. Мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бекітілген ережені сақтаудың маңыздылығы туралы айтты.

«Бүгінгі мониторингтік топпен тесеріс барысында осы Наурызбай ауданында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Қаулы бойынша, бұл нысандар жұмыс жасамауы керек еді. Қазіргі уақытта бұл кісілерден түсіндірме алынды және де хаттама толтырылатын болады», – деді Наурызбай аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Дәурен Саматов.

Айта кету керек, Наурызбай ауданында мұндай тексеріс жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. 8 қазаннан бері 200 нысан тексеріліп, 14 xаттама толтырылған.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров