Коронавирус: Әлемдегі жағдай

13.11.2020 21:33

Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ, Үндістан мен Бразилия алғашқы орында

ShutterStock

Франция тұрғындары локдаун талаптарын бұзған. Сауалнама нәтижесі бойынша, Францияның шамамен 60 пайыз тұрғыны екінші локдаун енгізілген соң карантин шараларын сақтамай жүргені анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Респонденттердің шамамен төрттен бір бөлігі көшеге шығу үшін қажетті рұқсатнаманы толтырған кезде, үйден не үшін шығып отырғаны жайында жалған ақпарат бергенін мойындаған. Одан бөлек, олар үйлерінде туыстарын жинап, немесе достарымен кездесіп жүр. Жалпы алғанда, француздар екінші локдаунды аса елемей отыр. Елдің премьер-министрі локдаун мерзімі қысқармай, керісше бір айға ұзару ықтималдығы туралы айтты. 

Беларусь астанасы Минскіде маска тағып жүру тәртібі енгізілді. Бүгін қалалық атқарушы комитетінің отырысында коронавирустың алдын алу шаралары бекітілген шешімге өзгерістер енгізілді. Адамдар жұмыс орнында ғана емес, астанадағы кез келген мекемеге барғанда маска тағып жүруі міндетті. Бүгіннен бастап қалада COVID-19 бен вирустық инфекциялардың алдын алу талаптарын қадағалау күшейтіледі. 

Жалпы пандемия басталғалы дүниежүзі бойынша 53 миллионнан астам адам инфекция жұқтырған. Оның ішінде 1 миллион 299 мыңнан астам жағдай өліммен аяқталды. Бұл Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі. Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Америка Құрама Штаттары бірінші орында. Осы уақытқа дейін елде 10 миллионнан астам жағдай тіркелген. Одан кейін Үндістан мен Бразилия тұр. Франция мен Ресейде де эпидемиологиялық жағдай күрделі.