Жұмыс барысында коронавирус жұқтырған 598 дәрігерге 2 млн теңгеден өтемақы берілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Індет басталғалы бері дәрігерлеріміз күндіз-түні жұмыс істеуде. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Медицина мамандарының еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Президенттің тапсырмасы бойынша бір реттік төлем және жалақыларына қосымша үстемақы төленіп жатыр. Жалпы шілде айында 25 млрд теңгеге жуық өтемақы төленді. Мұндай қолдауға 78 364 маман ие болды. 17 тамыздағы мәлімет бойынша жұмыс барысында вирус жұқтырған 598 қызметкерге 2 млн теңгеден өтемақы берілді», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Бағдат Қожахметовтің атап өтуінше, қазіргі уақытта барлық аймақта арнайы құрылған комиссия өтемақы бойынша өтініштерді қарастырып жатыр.
«Індет жұқтырып науқастанған мамандарымызға және вирус жұқтырып қайтыс болған медицина қызметкерлерінің туыстарына өтемақы төлеуге өтініштер әлі де қабылдану үстінде», – деді ресми өкіл.