Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық Басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мадеева сырқаттанушылық бойынша 65 жастан асқан адамдардың үлесі 45%-ды құрайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жансақтау бөлімшелерінде 57-ден 83 жасқа дейінгі науқастардың жағдайы аса ауыр дәрежеде екені анықталды.
«Бұл жас санатындағы адамдарда қандай да бір аурулар қатар жүреді. Көбінесе бұл қан айналымы жүйесінің аурулары, эндокриндік аурулар, ас қорыту және несеп-жыныстық жүйелердің зақымдануы. Бұл аурулардың барлығы коронавирус инфекциясының ауыр өтуіне әсер етеді», – деді ол.
Сонымен қатар, басқармада жаз айларындағы бірінші толқынның ауру жұқтырудың ең жоғары көрсеткіштері кезінле дертке шалдыққандардың басым бөлігін 25 пен 50 жас аралығындағы жастар құрағаны атап өтілді.
Бүгінде КВИ диагнозы зертханалық расталған 442 адам амбулаториялық бақылауға алынған. Оның ішінде 216-сы симптомсыз болса, 226 адамда бұл дерт жеңіл және орташа ауырлық деңгейінде өтіп жатыр.
Ж.Мадеева атап өткендей, аталған санаттағы пациенттердің барлығы бірдей үй карантинінде болу талаптарын сақтай бермейтін фактілері бар.
«Санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтау, бетперде тағу, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту қажет. Бұл, әсіресе, үлкен жастағы адамдарға қатысты, оларға қажеттілік туындамаса, үйден шықпауға кеңес береді. Жас және орта жастағы адамдарға сіздердің бұл індеттің жеңіл немесе ауру белгілері жоқ формасымен ауыруыңыз мүмкін екенін, алайда сол арқылы өз ата-анаңызға жұқтырып алуыңыз мүмкін екенін есте сақтау керек. Жақындарыңызға қамқор болуға шақырамын», – деді ол қорытындылай келе.