Вице-премьердің қатысуымен өңірде модульдік инфекциялық аурухана ашылды
Солтүстік Қазақстанда 9 қарашадан бастап карантиндік шаралар күшейтіліп, Петропавл қаласының сыртына блок-бекеттер қойылады. Коронавирус жұқтырғандар саны 10-нан асатын елді-мекендер жабылып, оларға да санитарлық бекеттер орнатылмақ. Бұл жөнінде облыстағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауға келген Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановпен өткен отырыста мәлім болды. Сонымен қатар, вице-премьердің қатысуымен өңірде модульдік инфекциялық аурухана ашылды. Толығырақ Almaty.tv тілшінің бейнематериалында.
Петропавл қаласындағы инфекциялық аурухана 200 орынға шақталған. Жаңа мекеме үш айдың ішінде салынды. Жұқпалы аурулар ауруханасында өкпені жасанды тыныстандыру, УЗИ, рентген аппараттары және компьютерлік томография орнатылған. Бұл облыстағы алтыншы КТ аппараты. Әр палатадағы төсек орын оттегіге қосылған.
«Бұл Елбасының, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы. Әрине, бұл қазіргі уақыттағы қажеттілік. Барлық өңірлерде осындай ауруханалар салынып жатыр. Біз вирустың екінші толқынына дайындалып жатырмыз. Әрқашан алдын-ала дайын болуымыз керек. Әрине, бұл жағдайды болдырмағанымыз дұрыс. Сондықтан қандай да бір оқу бойынша немесе қолдау қажет болса көмектесуіміз керек», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Ауруханада жаңа желдету жүйесі орнатылған. Яғни, ауа палатадан дәлізге өтпейді. сәйкесінше дәрігерлердің денсаулығына зиянын тигізбейді. Медициналық мекемеде қажетті ем-шараларын қабылдауға барлық жағдай жасалған. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аурухана құрылысына атсалысқан құрылысшылармен де кездесті.
«Міне, біздің ауылдың жігіттері ғой. Осындай обьект салатын жағдайға жетіп отырған. Солай ма? Бұрын бір жыл жарым салатын обьектілер ғой. Оның ішінде де бітіре алмай жататын. Үш айдың ішінде бітірдіңіздер. Халықтың атынан еңбектеріңіз үшін рахмет айтамыз. Мынаның бәрі елдің-халықтың игілігіне. Столько людей получит сегодня обеспечение. Нормально, гарантированные услуги. Это очень важно. Это жизнь. Кто-то болеет», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов өңірдегі жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Осыған орай 9 қарашадан бастап Петропавл-Алматы бағытындағы пойыздар саны 7-ден 3-ке дейін қысқарады. Одан өзге, облыс аумағында темір жол көлігінің аялдауына тыйым салынады. Ал, жолаушыларға Петропавлдан ұшақпен ұшу үшін ПТР анықтамсының болуы міндеттеледі. Аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда үйлері мен дүкендердің жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін қысқармақ. Шаштараз, бассейн, фитнес-клуб, жаттығу залдары жексенбі куні жұмыс істемейді. Осы орайда Петропавл қаласы, Ақжар, Айыртау, Аққайың аудандарындағы мониторингтік топтардың жұмысын күшейту де міндеттелді.