Маңғыстау облысында коронавирус індетін жұқтырған алғашқы адам қайтыс болды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Е.Сыдыманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайтыс болған азамат – Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының 40 жастағы тұрғыны.
«Ол 20 сәуір күні ыстығы көтеріліп, қатты ауырған соң жедел-жәрдемге хабарласқан. Оның жедел-жәрдем шақыртқанға дейін үйінде бір аптадай ауырғаны анықталды. Бірден карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. Сөйтіп, Covid-19 вирусын анықтайтын тест тапсырады. Алғашқы рет тест нәтижелері теріс болған. Екінші рет тест нәтижелері оң болып, науқастан ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Әскери қызметкер Ақтау қаласын дезинфекциялау жұмыстарына қатысқан екен. Марқұмның артында әйелі мен 5 баласы қалды», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта науқаспен жақын байланыста болған отбасы мен өзге де әскери бөлімнің қызметкерлері ауруханаға жатқызылған. Әскери бөлімде және марқұмның үйінде де зинфекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынған.