Алматыда барлық спорттық және мәдени шаралар тоқтатылды

liter.kz
liter.kz
Шаһардағы барлығы 608 іс-шара тоқтатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстанда коронавирустық инфекция таралуының алдын алу шараларын күшейту туралы» ел Үкіметінің шешіміне сәйкес Қазақстан аумағында, соның ішінде Алматы қаласында бұрын жоспарланған іс-шараларды көшіру немесе тоқтату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.  

Елдегі және әлемдегі эпидемилогиялық жағдайға байланысты қаладағы білім беру саласындағы басшылар олардың орынбасарлар мен техникалық қызметкерлер әдеттегі режимде жұмыстарын жалғастыра беретін болса, пән мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істей алады. Бұл ретте олардың жалақысы толық көлемде сақталады. Ал, қосымша білім беру орталықтары жұмыстарын уақытша тоқтатты.

«Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін қосымша білім беру нысандарында білім беру процесін жүргізуге тыйым салынды. Сонымен қатар, балалардың орыны сақталады, ата-аналардан оқу ақысы алынбайды», - деді Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат ЖҰМАНОВ.

Сондай-ақ, мегополисте жоспарланған барлық спорттық шаралар өтпейтін болды. Атап айтқанда, шаһарда барлығы 14 коммуналдық спорт нысаны бар болса, оның 9-ы балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп. Ондағы шұғылданатындар саны 12 мыңнан асады. Қаладағы барлық мемлекеттік спорттық мектептерде оқу-жаттығу процесі тоқтатылды. Жергілікті немесе республика бюджетінен қаржыландырылатын спорт ұйымдарының оқу-жаттығулары, физикалық-сауықтыру қызметтерін ұсыну және осы саладағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға да шектеу қойылды.

«Жеке спорт ұйымдарына спорт саласында көрсетілетін қызметтерді уақытша тоқтату жөнінде ұсынымдар берілді. Атап өтетін жәйт, бірқатар ұйымдар, соның ішінде, қала тұрғындары да бұл ұсыныстарға түсіністік білдірді. Қалалық құрама командаларының мүшелері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына шектеу қойылды. Сондай-ақ, мегаполис аумағында халықаралық спорттық шаралар да тоқтатылды», - деді қалалық спорт басқармасының бөлім басшысы Әлия СМАҚОВА.

Халықтың қауіпсіздігі үшін қаламызда наурыз-сәуір айларында мәдени-ойын-сауық ұйымдары бойынша 211, ал театрларда 383 іс-шараға шектеу қойылды. Шаһардағы барлығы 608 іс-шара тоқтатылды. Қалалық Мәдениет басқармасы шаһардың барлық мәдениет мекемелеріне өз ұйымдарының аумағында қажетті құралдармен қамтамасыз ету бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.

«Мәдениет басқармасы бекіткен жоспарға сәйкес 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына 40-тан астам іс-шаралар жоспарланған. Оның ішінде, бүгінгі таңда 14-і тоқтатылса, қалған 26 шара ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды», - деді қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Рузанна БЕКТҰРСЫНОВА.

Сондай-ақ, бүгінде қалада барлық кинотеатрлар, хайуанаттар бағы, мұражайлар, кітапханалар мен Медеу мұз айдыны да уақытша жабылды. сылайша, елдегі ахуал тұрақталмайынша мамандар адам көп шоғырланатын жерлерден аулақ болуға шақырады.

Арнат Дүйсен, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров