Жасанды құрылғымен дем алу азап – КВИ жұқтырып, өкпесі 75 пайызға зақымданған науқас

26.07.2021 22:10

Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады

«Вакцина алмағандар өте ауыр хәлде бұл дүниеден өтіп кетіп жатыр». Бұл инфекциялық стационарда жатқан пациенттердің сөзі. Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Соңғы ақпарға сәйкес, бір күнде 1219 адам коронавирус жұқтырған. Ал жұқпалы аурулар ауруханаларының жансақтау бөлімшелерінде 250-дей адам өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр. Бүгін арнамыздың тілшілері Орталық клиникалық ауруханаға барып, пациенттердің өздерімен тілдесіп қайтқан еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін айтсын.

70-ке таяп қалған Құрмангелді Жекебайұлы жансақтау бөліміне осыдан 20 шақты күн бұрын ауыр жағдайда түсіпті. Палатаға ауыстырылғанына бір аптадай болған. Ақсақал «адам өзі қатты ауырмаса, аса мән беріп елемейді екен. Екпені де ертерек алуым керек еді», дейді.

«Мынау вакцинаны алыңдар бәрің. Өйткені халқыңды, бала-шағаңды ойлау керек. Мына жерде мен ауырып жатқанда вакцинаны бір жыл бұрын немесе алты ай бұрын келіп алғандар болып жатты. Олар кішкене жеңіл өтіп жатты. Дым алмағандар өте ауыр хәлде, бұл дүниеден өтіп кетіп жатқандар бар. Сондықтан осыны айтар едім, алу керек», – деді науқас Құрмангелді Батырбеков.

Ал, Ирина Парфентьева тамағы ауырып, жайсыздық сезінсе де өзін-өзі емдеймін деп жағдайды ушықтырып алдым дейді. Осыдан екі апта бұрын өкпесі 75 пайызға зақымданып ауруханаға түскен.

«Жансақтау бөліміне түсу – өте қорқынышты әрі ауыр. Өмірің шынымен қыл үстінде тұрады. Жасанды құрылғымен дем алу азап. Бар сай-сүйегің ауырады. Әрі қарай өмір сүріп кетем бе. жоқ па деп қатты уайымдадым. Тек сол кезде ғана мен екпе салдырудың қандай маңызды екенін ұқтым. Мен вакцина алып үлгермедім», – деді науқас Ирина Парфентьева.

Қазір қалада эпидахуал күрделеніп барады. Күніне мыңнан астам адам инфекция жұқтырып жатыр. Оның ішінде балалар, жастар да бар. Ең өкініштісі де осы, өйткені індетті жастар көп тарататын көрінеді.

«Үйде келінім ауырып, ол да тұра алмай қалды. Мен де тұра алмай қалдым. Басым айналып, содан жақсы болдым қазір. Құдайға шүкір, енді балаларыма, немерелеріме асығып отырмын», – деді науқас Светлана Жәукеева.

Қалалық орталық клиникалық ауруханасында қазір 57 пациент жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы мәз емес. Көбі жасанды желдету аппараты арқылы тыныс алуда. Өмірлері қыл үстінде жатқан науқастардың тәуір болып кетуі үшін дәрігерлер күн, түн демей еңбек етеді. Мұндағы мамандардың айтуынша, келіп түскен пациенттердің дені вакцина алмаған адамдар екен.

«Ауырып жатқан адамдардың 98-99 пайызы екпе алмаған. Алса да, тек бірінші компомнентін қабылдаған пациенттер. Олардың сауығуы едәуір жеңіл өтіп жатыр. Демек екпенің өзіндік маңызы бары анық», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігері Осман Қадыров.

Қазір стационарда коронавируспен ауыратын адамдарға арналған орын жеткілікті, 670 төсек-орны дайындалған. Жағдайды ушықтырып алмас үшін дәрігерлер екпе алу керек деп дабыл қағуда. Сондықтан ауырмаудың амалына көшіп, вакцина салдырыңыз, ағайын!

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы