Алматыда 150-ге жуық адамды қабылдаған кәсіпкерлік нысан анықталды

Алматыда 150-ге жуық адамды қабылдаған кәсіпкерлік нысан анықталды
Қалалық штаб пен аудандық мониторинг топтары күні-түні рейд жұмыстарын жүргізсе де, тәртіп бұзатындар азаймай тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 150-ге жуық адамды қабылдаған кәсіпкерлік нысан анықталды. Қалалық штаб пен аудандық мониторинг топтары күні-түні рейд жұмыстарын жүргізсе де, тәртіп бұзатындар азаймай тұр. Нәтижесінде мамандар санитарлық талаптарды сақтамаған бірнеше мекеменің жұмысын әшкереледі. Almaty.tv тілшісі жалғастырсын.

Қалалық штабтың мамандары өткен демалыс күні карантиндік тәртіп бұзған мекеменің үстінен түсті. Алайда күзетшілер тексерушілердің жолын бөгеп, ішке кіргізбеуге тырысты. Ал, бардың ішінде адам лық толы. Керек десеңіз, қолдануға шектеу қойылған қор-қорды да байқауға болады.

Бұл мекеме карантиндік талаптарды қатаң түрде бұзған. Себебі мұнда ашық бағдарламасы атымен жоқ. Тіпті, санитарлық талаптар мен арақашықтық туралы айтпасақта болады.

Анықталғандай, іште 150-ге жуық адам болған. Кейін тексерушілер мекеме әкімшісі мен маскасыз жүрген қызметкерлерге хаттама толтырды. Көп ұзамай мамандар жоғарғы қабатта тағы бір тәртіп бұзған нысанның жұмысын әшкереледі. Мұнда да санитарлық талаптар мен арақашықтық сақталмаған.  

«Бұл мекеме ашық бағдарламасы болмағандықтан сағат кешкі 22.00-дан кейін жұмыс істеуге болмайды. Қазіргі уақытта біздің ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Екеуі күндіз қалған екеуі түнде шығады. Сондықтан барлық нысан біздің бақылауымызда», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.

«Қаладағы барлық кәсіпкерге айтарым карантин ережесін сақтап, ашық бағдарламасын қолданыңыздар. Алдағы уақытта да тексеріс жұмыстарын жүргізіп, бақылауды күшейтеміз», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Нариман Ибрагимов.

Алайда қаладағы барлық мекемені тәртіп бұзып жатыр деп айта алмаймыз. Олардың арасында да ережеге бағынып, санитарлық талаптарды сақтайтындары бар.

«Қазіргі сәтте біздің мекемеде ешқандай заңбұзушылық жоқ. Өздеріңіз көргендей, «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз. Бас санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес барға 60 адамнан артық ешкімді кіргізбейміз. Қызметкерлердің өзі маскамен жүреді», – деді кәсіпкер Талғат Мұратұлы.

Осылайша тексеруші топ тәртіп бұзған мекемелерге анықталған фактілер бойынша хаттама толтырып, әрі қарай тиісті органга жолдады.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров