Алматыда бүгіннен бастап коронавирус бойынша ПТР тест өткізу орындары жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Medical Partners Korea мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Дүйсенбі күні, яғни 2020 жылдың 29 маусымынан бастап «Нұрлы-Тау» алдындағы мобильді тест өткізу орны мен «Халық Арена» алдында жаңа мобильді орын жұмысын бастайды. Жұмыс кестесі күн сайын сағат 09:00 ден 16:00 дейін», – делінген медициналық мекеменің сайтында.
Сондай-ақ, азаматтарды тіркеу сол орындарда жүргізіледі, компания онлайн тіркеуді жақын күндері іске қосуды көздеп отыр. Төлем карточка арқылы жасалады.
Сонымен қатар, хабарламада 18 маусымда талдама нәтижесін алмаған азаматтар шілденің 5-не дейін тесттен өте алатыны айтылған.
Бұған дейін Medical Partners Korea компаниясы тестілеуге қажетті құралдардың жетіспеушілігінен және шетелден уақытында жеткізілмей жатқанын мәлімдеп, тест жасау жұмыстарын тоқтата тұратындарын хабарлаған.