Алматы облысында полиция карантиндік аймаққа өтпек болғандарды видеоға түсіріп алды

Фото: Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр
Күн сайын облыс пен қала арасындағы шекарада ондаған тәртіп бұзушы қолға түседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында карантиндік аймаққа өтпек болған заң бұзушылар полицейлерден қашты, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Күнделікті тосқауыл-бекеттердің аумағында заң бұзушылармен күресуде нағыз куғын өрбиді. Күн сайын облыс пен қала арасындағы шекарада полиция қызметкерлері карантиндік аймаққа өтпек болған ондаған тәртіп бұзушыны анықтап жатыр.

«Төтенше жағдай режимін бұзған және карантиндік аумақтың шекарасын кесіп өтетін азаматтарға қатысты қабылданған шаралардың нәтижесінде алғашқы күндермен салыстырғанда құқық бұзушылардың толқыны біршама азайды. Алайда, күні бүгінге дейін үйде отырмай, қала мен облыс арасын жол қылған азаматтар да кездеседі. Олар түрлі себеп-сылтауларды алға тартады. Бірақ себептердің маңыздылығы әрі салмақтылығына қарамастан, жалпы карантиндік тәртіпті қатаң ұстану қажет», – дейді Боралдай ауылдық округінің полиция бөлімшесінің басшысы Бейбіт Байзиханов.

20 жастағы Ш. есімді азамат Боралдай ауылдық округіндегі №1 тосқауыл – бекетінен егістік арқылы заңсыз өтпек болған жерінен ұсталды. Полиция қызметкерлері оны байқаған соң, ол Сақ қорғандары арқылы қашпақ болған. Алайда, оның бұл іс-әрекеті сәтсіз аяқталып, ұсталды.

«Ең алдымен, барлық азаматтар мұндай іс-әрекеттері арқылы қауіп-қатер аймағына түсетінін ұғынуы тиіс. Біз азаматтарды карантин талаптарын және төтенше жағдай режимін бұзбауға, санитарлық және гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға, уақытша үйде қалуға шақырамыз», - деп толықтырды Байзиханов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласымен шектесіп жатқан Алматы облысының 17 блок-бекеті ерекше және төтенше жағдайлар кезінде азаматтарды өткізу тәртібінің бұзылуын алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жүзеге асырады.

Новости партнеров