Алматыда коронавирус инфекциясы балалар арасында өршіп барады. Бүгінде бұл қауіпті вирусты қала бойынша 239 бала жұқтырып, ауруханаларда ем алуда. Тек қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының екінші стационарында 148 науқас тіркеліп, олардың 80 пайызының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал, туғанына 26 күн ғана болған 1 нәресте жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Одан бөлек, бұл ауруханаға коронавирусын жұқтырған ересектер де қабылданып жатыр. Қазір олардың саны 411-ге жетті. Ал, ауыр халдегі 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер осылай жұқтыру жағдайының көбеюіне жаңа штаммдардың тез дендеуі себеп дейді.
«Ем алып жатқан балалардың бәрі протокол бойынша ем қабылдайды. Солардың шағымдары, анализдеріне қарай бүкіл ем жүргізіледі. Барлығының жағдайы орташа, тұрақты болып есептеледі. Барлығы аман-есен үйіне шығарылады. Ата-анасымен бірге жатып, ем қабылдайды», – деді қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Баян Оспанбаева.
Ал, қоғамдық денсаулық басқармасының мәлімдеуінше, алдағы уақытта мегаполисте эпидахуал тағы да нашарлайды. Вирустың тарауы тамыз айының басында өрши түсіп, жұқтыру жағдайы 2 мыңға жуықтайды деп болжанып отыр. Осыған байланысты ауруханаларда қосымша төсек орын жасақталып, қажет жағдайда қонақ үйлер мен басқа да мекемелер стационарлар ретінде қайта бейімделмек.