Жеке құрамды вакцинацияға мәжбүрлеген полицей өз әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде Атырау облысы Жылыой аудандық Ішкі істер бөлімі басшысы барлық бағынышты қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцинацияға келуді бұйырған жазбасы тараған еді. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Жылыой ауданының аумағындағы теңіз мұнай кен орны пандемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының таралуы бойынша ең ірі ошақ болып отыр.
«Жылыой ауданы облыста коронавирус инфекциясының таралуы бойынша бірінші орында тұр. Теңіз кен орнында карантин енгізілгеннен бері блокбекет жұмыс істеуде. Дәрігерлермен қатар, вируспен күресте алдыңғы шепте жүрген полицейлердің сақтығы үшін вакцина салдыру – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан осы аудиожазбаны жолдадым. Ешкімді күштеп немесе мәжбүрлеп вакцина салдыруға апарған жоқпыз», – Жылыой аудандық полиция бөлімінің басшысы Ерболат Досмағұлов.