|
20.03.2020 | 17:53
9106

Алматыда коронавирусты жұқтырудың 10 ошағы анықталды

Алматы қалалық штабы COVID-2019 ошағы аймағында ішкі карантин енгізді

Алматыда коронавирусты жұқтырудың 10 ошағы анықталды фото Ura.ru

Алматы қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штабтың отырысында ағымдағы жылдың 19 наурызында COVID-2019 ошағы аймағында ішкі карантин енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ағымдағы жылдың 20 наурызындағы жағдай бойынша Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырған 22 жағдай тіркелді. Барлығы зертханалық түрде расталды. Алматы қаласы аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша COVID-2019-дың 10 ошағы анықталды:

– Алмалы ауданы – 3;

– Медеу – 3;

– Түрксіб – 2;

– Жетісу – 1;

– Алатау – 1.

Барлық ошақта індеттің одан әрі таралуының алдын алу мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Медицина қызметкерлері ошақ аймағында орналасқан барлық тұлғалардың жағдайына мониторинг жүргізуде.

COVID-19 індетінің тіркелген оқиғаларына және  инфекцияның таралу сипатына қосымша талдау жүргізгеннен кейін және эпидемиологтардың қорытындысын негізге ала отырып,  ошақ аймағының шекарасы көппәтерлі  үйдің кіре берісіне  дейін және  тұрғын үй аумағындағы  жекеменшіктегі үйге дейін   қысқартылды. Осыған орай үйлер мен пәтерлерді квартал бойынша карантиндеу бойынша бұған дейін қабылданған шешім күшін жояды.

Жалпы инфекция 1-1,5 метр қашықта тұрған науқас адамның сөйлеуі, түшкіруі мен жөтелі арқылы беріледі. СОVID-2019 індетін жұқтырған адам отбасындағы, жұмыстағы, қоғамдық көлікте, қонақта және басқа да қоғамдық орындарда айналасындағыларды тек тығыз байланыста болу арқылы жұқтыруы мүмкін. COVID-2019 вирусының қоршаған ортада төзімділігі төмен болғандықтан 1 сағаттан артық өмір сүре алмайды. Сол себепті COVID-2019 жұқтырған науқаспен тығыз байланыс орнатпаған үйлер мен пәтерлерді карантинге жабудың қажеті жоқ. Инфекцияның таралуын тоқтату бойынша эпидемияға қарсы шаралар төмендегідей:

– індетті жұқтырушыны стационарға оқшаулау;

– науқаспен байланыста болғанды үй карантиніне жабу;

– инфекцияның берілу жолы бойынша әркім жеке гигиенаны сақтап, бетперде киюі қажет.

Ошақ аймағында орналасқан үйлердің тұрғындары сыртқа тек қажеттілігі бойынша және медицина мен полиция қызметкерінің бірге барып келуімен жіберіледі. Барлық азық-түлік дүкендері мен дәріханалар күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, аудан әкімдіктері халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуде. Ошақ аймағында орналасқан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен коронавирус ошағы аумағындағы тұлғаларға оқшаулау кезеңінде жұмыс орындарының сақталатыны туралы және ауруханалық парақтарды төлеу бойынша ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 19 наурызында қалалық штаб аудан әкімдерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мен күш құрылымдары, қалалық қоғамдық денсаулық, тұрғын үй, кәсіпкерлік, әлеуметтік әл-ауқат және жасыл экономика басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен коронавирустық инфекцияның карантиндік аймағындағы іс-қимыл алгоритмін орындау бойынша нұсқама өткізгенін атап өткен жөн.

Қала билігі қала тұрғындарынан карантин режимін сақтауға, карантиндік аймақтың ішінде жүруден аулақ болуға, жеке гигиена шараларын сақтауға, туыстарымен, достарымен және әріптестерімен және т.б. қарым-қатынасты шектеуді сұрайды. Мұндағы мақсат — адамның өзінің коронавирустық инфекцияны жұқтырмауға, туғандары мен жақындарының, айналасындағылардың да жұқтыру қаупін төмендету. Қала әкімдігі, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтері індеттің ошақ аумағынан тыс жерге таралып кетпеуі үшін іс-шаралар легін күшейтті.

Өз кезегінде, қаланың әрбір тұрғынының бұл жағдайға түсіністікпен қарап, жауапкершілік танытқан жағдайда індет жұқтырушы тұлғаларды тез анықтап, жедел түрде оқшаулауға мүмкіндік бар. Клиникалық симптомдар пайда болғанда (дене қызуының көтерілуі, құрғақ әрі ұзақ жөтел, әлсіздік) учаскелік дәрігерді телефон арқылы үйге шақыру керек немесе өзіне жедел медициналық жәрдем дәрігерін шақыру абзал. Өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігердің тағайындаған дәрілерін қабылдау керек. Алдын алу шараларын сақтау үшін:

– үй-жайларды күніне кемінде 2 рет желдету;

– күн сайын үйді жуып, тазалау;

– қолды сабынмен жиі жуу;

– жеке ыдыс, жеке гигиена құралдарын (сүлгі, тіс пастасы, ұстара аспаптары және т.б.) пайдалану.

Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар:

– тұрғылықты мекенінде немесе жұмыс орнында вирус жұқтырушымен соңғы кездескен уақыттан бастап инкубациялық кезең бойына (14 күн ) өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтау (үй карантині, сыртқа шығуға тыйым салынады) қажет

– жанұя мүшерінің денсаулығын жіті бақылауда ұстаған дұрыс

– ЖРВИ (дене қызуы, тұмау, жөтел) белгілері байқалған жағдайда жедел жәрдем шақыруы тиіс

Сұрақтар бойынша тәулік бойы қызмет көрсететін колл-центр – 1406 және Open Almaty – 1308 нөмірлеріне хабарласуға болады. Егер аурудың асқынған белгілері анықталған жағдайда жедел түрде 382-33-50 нөмірі бойынша қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне хабарласа аласыздар.

Ресми ақпараттарды Алматы қаласы әкімдігі сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға болады. Қосымша ақпарат StopcovAlmaty телеграм парақшасынан табасыздар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир