Қазақстанда коронавирус жұқтырудың үшінші дерегі тіркелді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде коронавиурсқа байланысты өткізілген брифингте журналистер министр мырзаға көптеген сауалдар қойды. Елжан Біртанов елімізде вирус жұқтырудың үшінші жағдайы тіркелгенін атап өтті. Науқас күні кеше Миланнан ұшып келген екен.
«Қазіргі таңда тағы бір науқас анықталды. Оны үшінші науқас деп айтуға болады. 12 наурыз күні ол Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына келген. Лабораториялық анализ бойынша азаматтан коронавирустық инфекция анықталды. Ол әуежайға келген кезде бірден карантинге жатқызылды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Анықталғаны, науқас - әйел адам. Олар Миланнан Мәскеу арқылы транзитпен кеше ұшып келген. Коронавирус белгілері бар ол Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайынан бірден карантинге алынды. Онымен бірге бортта 90 адам болғаны мәлім. 37-і біздің отандасымыз, 42-сі Ресей мемлекетінен және қалған 11-і өзге елдерден. Қазіргі таңда олардың барлығы тізім бойынша ізделіп жатыр. Жолаушылардың барлығы жіті назарға алынатын болады.
Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Қазақстанда бірінші коронавирус жұқтыру дерегі тіркелгенін хабарлаған. Коронавирус жұқтырған қазақстандық елге Германиядан 9 наурызда келген. Онымен бірге ұшып келген 73 жолаушыны қазір карантинге жатқызу шаралары қолға алынды. Коронавирус жұқтырған 1974 жылғы ер адам және 1984 жылғы әйел адам екені белгілі болды. Науқастар жұқпалы аурулар стационарында оқшауланған.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы