Алматыда сотталушылар мен тергеу изоляторындағы күдіктілер вакцина алды

Бас бостандығынан айырылған азаматтар болса, бұл біздің өз денсаулығымыз бен қоғамға тигізген пайдамыз деп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда жазасын өтеп жатқан сотталушылар мен тергеу изоляторындағы күдіктілер де «Спутник-V» вакцинасын салдыра бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дүниежүзін жайлаған індеттен құтылудың бірден бір жолы екпе салу екенін әлем мойындап отыр. Сондықтан коронавирустың алдын алуға бағытталған вакцинадан жазасын өтеушілер де қалыс қалған жоқ. Бас бостандығынан айырылған азаматтар болса, бұл біздің өз денсаулығымыз бен қоғамға тигізген пайдамыз деп отыр.

«Бүгінде біз өз еркімізбен коронавирусқа қарсы екпені алуға дайындалып жатырмыз. Бұл, біріншіден, өзіміздің денсаулығымызға, екіншіден қасымыздағы азаматтарға жұқпау үшін», – деді жазасын өтеуші.

«Екпені алған жөн деп есептеймін өз басым. Өзімнің жанұяма да, қасымдағыларға да, қоршаған ортаға да үлкен себеп. Ауырмауға да үлкен себеп деп білемін өз басым», – деді жазасын өтеуші.

Қазір түрмеде 1 300 ден астам жазасын өтеуші бар. Күзетшілер оларға екпеден бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдын ала дайындаймыз, дейді. Егер қарсы болған жағдайда ешкім мәжбүрлемейді. Мамандар болса, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.

«Бүгін екпе салғызғандардың барлығы өз еркімен келісіп отыр. Кәмелеттік жасқа толмағандарға, әрине, вакцина салмаймыз. Колонияда аяғы ауыр 8 әйел бар. Оларға да екпе салынбайды», – деді ЛА-155/18 тергеу изоляторы бастығының орынбасары Гүлшат Сейдахова.

Новости партнеров