Коронавирустың әлем экономикасына кері әсері күшейіп келеді. Ғаламдық экономикалық жағдайларға болжам жасайтын Oxford Economics орталығының мәлімдеуінше індет салдарынан әлем экономикасы 1,1 триллион доллардан астам қаржы жоғалтуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы тақырыпты белгілі экономист, GSB бизнесті талдау орталығының сарапшысы Мақсат Халықпен талқыласақ.
– Мақсат мырза, әлемде дүрбелең тудырып отырған індет жалпы әлем экономикасына қаншалықты әсерін тигізіп жатыр қазір?
– Расымен де, қазір коррновирус күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Мұның экономикаға салдары өте жоғары болып тұр. Негізгі рейтингтер агенттіктер, оның ішінде халықаралық валюталық қор, дүниежүзілік банк бүгінгі таңда өзінің мәлімдемесін жасап үлгерді. Коронавирус әлемдік экономикаға қалай әсерін тигізуі мүмкін? Біріншіден, Қытайда осы эпидемияның алғышарттары дұрыс болып, шегеруге алғашқы қадам жасалғанымен де, әлемге таралып жатқан жайы бар. Мұның кері салдары үлкен болуы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Әлемдік экономистер мұны "қара аққуға" теңеді. Бұл терминді белгілі экономист Николас Талеб енгізген. Бұл табиғатта сирек кездесетін құс қой. Тура сол сияқты экономикада да әлемдік жағдайда сирек жағдайлар орын алып жатса мұны "қара аққуға" теңейді. 2020 жылда орын алатын әлемдік рецессияның алғышарты мүмкін деген болжам жасалған. Демек, әлемдік экономикаға бүгінгі күннің өзінде 1 трлн доллардан астам шығын алып келеді деген болжам бар. Бұл шын жүзеге асып жатса әлем экономикасында даму емес, іркілістер орын алуы мүмкін.
– Ал, енді осы әлемдік ахуал біздің елдің экономикасына қалай әсер етеді? Нақты қай салаларға?
– Бұл сұраққа жауап беретін болсам, әрине, бірінші кезекте Қазақстан әлемге мұнай саласымен, тау-кен саласымен танылады. Бұл салалар негізінен ел экономикасына табыс алып келіп тұрған салалар. Себебі осы минералды ресурстарымызды, металдарымызды экспорттау арқылы ел экономикасын тіктеп отырған жағдайымыз бар. Бүгінгі таңда осы қара алтынды айтатын болсақ, Қытайдағы өндірістің белгілі бір дәрежеде азаюына байланысты әлемдік мұнай бағасының күрт құлдырауын байқадық. Қазір 53 доллларға дейін құлады. Бұл белгілі дәрежеде өндірістің қысқаруы сұранысты азайтады деген сөз. Және де металдың бағасы да 7,1 пайызға төмендегені анық. Қазақстан экономикасының негізгі құраушысы болып отырған осы салаларға деген әлемдік бағаның түсуі Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізеді. Осы саладағы кіріс пен пайда азаяды. Бұл мемлекеттік бюджетке соққы болып тиері анық. Қазіргі таңда Қытаймен арада адамдармен байланыс тоқтағанымен, тауар байланысы тоқтаған жоқ. Дегенмен жекелеген азаматтар қазір тауарларын жеткізе алмай отыр. Бұл да белгілі дәрежеде экономикаға, еліміздегі тауарлардың қымбаттауына алып келеді.
– Тұщымды пікіріңізге рахмет. Есетріңізге сала кетейін, бізбен тікелей байланыста болған экономист, сарапшы Мақсат Халық болатын.