Алматыда карантиндік тәртіпті бұзатын мекемелер азаймай тұр. Соған байланысты қалалық штабтың мамандары күні-түні тексеріс жүргізіп, барлық кәсіпкерлік нысанын бақылауда ұстап отыр. Нәтижесінде Бостандық пен Алмалы ауданында орналасқан бірнеше мейрамхананың жұмысы әшкереленді, деп хабарлайды Almaty.tv
Қалалық штабтың мамандары Бостандық ауданында тексеріс жүргізіп, ә дегеннен-ақ тәртіп бұзған мекеменің үстінен түсті. Мейрамхананың санитарлық талаптарды сақтамағаны өз алдына, Ashyq бағдарламасы атымен жоқ.
«Қаламыз «қызыл» аймақта болғандықтан, Бостандық ауданы кәсіпкерлерінен өтінерім - карантин талаптарын бұзбаңыздар. Әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытайық. Тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді»,– деді Бостандық аудандық кәсіпкерлер палатасының өкілі Мақсат Құдайбергенов.
Көп ұзамай мамандар мейрамхананың дәл қасында орналасқан тағы бір мекеменің жұмысын әшкереледі. Мұнда келушілердің көптігі соншалық іші де, сырты да адамға лық толы. Айта кетейік, бас санитардың қаулысына сәйкес үстелдердің арасы 2 метр алшақ және қонақтар саны 50 пайыздан артық болмау керек.
«Күндіз және кешкі уақытта осы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Әрқашан бақылауда. Күнделікті рейдке шығып, кәсіпкерлерге, тұрғындарға, қонақтарға санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз»,– деді Бостандық ауданы әкімдігінің өкілі Нұркен Бекботаев.
Одан бөлек, мониторингтік топ Алмалы ауданында орналасқан кәсіпкерлік нысанын аралап, мұнда да карантиндік тәртіптің бұзылғанын анықтады. Ең қызығы, мамандар Ashyq бағдарламасын тексерген кезде оның өзге мекемеге тиесілі екенін байқаған.
«Алмалы ауданында 4 монитгорингтік топ жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі рейд барысында 5-6 мекеменің тәртіп бұзғанын анықтадық. Кәсіпкерлерге айтар кеңесіміз, қаулыда жазылған іс-шараларды орындаса ешкім оларға артық кедергі жасамайды»,– деді Алмалы аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ғапур Бақтияр.
Осылайша, тексеруші топ анықталған фактілер бойынша тәртіп бұзған мекемелерге хаттама толтырып, оны әрі қарай тиісті органга жолдады.
Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.