Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте айтты
Қазақстан ресейлік екпемен коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялауды ақпан айының соңында бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, наурыз айында қазақстандық препаратпен вакцинациялау басталады. Елімізде ресейлік серіктестермен Қарағанды фармацевтикалық зауытына субстанция түрінде 2 млн доза "Спутник V" вакцинасын жеткізуге келісім жасалыпты.
«Денсаулық сақтау министрлігі шамамен 10 млн адамды егуді жоспарлап отыр – бұл ел халқының 55% - ға жуығы. Бұл ретте вакцинация әзірше 18-60 жас аралығындағы қазақстандықтарды қамтиды. Өйткені әзірге елде қолжетімді препараттар дәл осы жас тобына есептелген. Сонымен қатар, біз халық арасында қай елдің вацинасын жасатқысы келетіні туралы сауалнама жүргізетін шығармыз. Бірақ тұтастай алғанда, біз вакцинамен барлық мақсатты топтарды қамтамасыз етеміз. Әрине, ерікті түрде жүзеге асырылады. Егер азаматтар қаласа, олар мемлекет есебінен тегін егіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Бұдан бөлек қазақстандық билік америкалық вакцина бойынша компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр. Министр соңғы келіссөздер Жаңа жыл қарсаңында өткізілгенін мәлімдеді. Ол Қазақстан Pfizer компаниясымен құпиялылық туралы келісімге қол қойғандықтан, кейбір ақпаратты жариялай алмайтынын жеткізді. Белгілісі, американдық вакцинаны жеткізу мүмкіндігі 2021 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Брифинг барысында Алексей Цой осыған дейін не себепті өзіне вакцина салдырмай жүргенін де айтты.
«Мен әзірге рейсейлік вакцинаны да, қазақстандық вакцинаны да қабылдаған жоқпын. Біз қазір соңғы қорытындыны күтіп отырмыз. Вакцина Қазақстанда тіркеліп, көптеп шығарылғаннан кейін мен де алдыңғы қатардағылардың бірі болып вакцина қабылдаймын. Ешқандай бұрмалау болмасы үшін министрліктегі әріптестерім де вакцина қабылдайды, оның бір бөлігі ресейлік вакцинаны қабылдаса, енді бір бөлігі қазақстандық вакцинаны қабылдайды. Бұл екі елдің вакцинасы да қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсету үшін керек», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Сонымен қатар, Сайлау комиссияларының мүшелері, бақылаушылар және алдағы сайлауда «қызыл» және «сары» аймақтарда жұмыс істейтін кандидаттардың сенімді тұлғалары коронавирустың бар-жоғына тегін тексерілетіні белгілі болды. Оларды ПТР тестіден өту шығынын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтейді. Ал, ол үшін қанша қаражат қажет болатынын Денсаулық сақтау министрлігі жауап беруге қиналды.
«Сайлау өтетін жер адам көп жиналатын және дауыс беретін жер болғандықтан, бүкіл сайлау процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тестілеуді тегін өткізу туралы шешім қабылданды. Сомасы бойынша бөлек айтамыз. Қазір тізімдер жасалып, күн сайын мәліметтер келіп түседі. Жалпы саны анықталғаннан кейін белгілі болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер алдағы сайлауға байланысты эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылдаған Қаулы бойынша сайлаушыларға қандай талап қойылатынын айтты.
Сондай-ақ, ІІІ тоқсаннан бастап бітіруші сыныптар аралас оқытуға көшетінін атап өтті. Ал колледж бен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттеріне оқу жылының екінші семестрінен бастап штаттық оқытуға рұқсат етіледі. Оқу жылының басынан 4 мыңға жуық оқушы КВИ жұқтырған. Жалпы жағдай бойынша бүгінгі күні еліміз қаупі төмен «жасыл» аймақта тұр екен. Тәуекелі жоғары немесе қызыл аймаққа Атырау облысы енген, тәуекелі орташа немесе сары аумақта 6 өңір: СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары қалған.
Асылбек Тойбек,« Алматы» телеарнасы