Заласыздандыру жұмыстарының адам ағзасы мен үй жануарларына еш зияны жоқ – Ж. Бекшин

inform.kz
inform.kz
Коронавирустың қауіптілігі сол – ол ауада көп тұрмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрғын үйлер мен саябақтарға үздіксіз дезинфекция жасау кесірінен пневмония ауруы көбейіп кетті деген ақпарат қауесет. Заласыздандыру жұмыстарының адам ағзасы мен үй жануарларына еш зияны жоқ екенін бүгін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин растады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қауіпті кеселмен күресудің бірден-бір жолы көшелер мен адам көп жүретін жерлерді тұрақты дезинфекциялау қажет. Қаладағы залалсыздандыру ұйым өкілдерінің қолданып жүрген химиялық препараттары хлор және глюкамин. Су құрамында бірінің мөлшері 0,003 пайыз болса енді бірінің мөлшері 0,5 пайыз ғана. Бұл қауіпсіз концентраттар. Сол себепті, бас санитар дәрігер тұрғындарды алаңдамауға шақырады. Сондай-ақ, дезинфекциялаушы ұйым өкілдерінің жұмысы мен қолданып жатқан препараттары әр кез бақылауда екенін жеткізді. Бұдан бөлек Жандарбек Бекшин қаладағы пневмония ауруының не себепті күрт көбейіп кету себебін түсіндірді.

«Бірінші себебі – өзін-өзі емдеу. Көбінде өзін-өзі емдеу жүреді. Жоғары тыныс жолдарынан вирус кетеді өкпеге. Жоғары тыныс жолдары тазалады. Сосын ол жерде сынама жасаған кезде вирус табылмайды. Ол өкпеге кетеді. Екінші себебі – симптомсыз науқастардың оқиғасы. Қоздырғыш тағы өкпеге кетеді. Жоғары тыныс жолдары таза болып шығады. Сынама алған кезде ол жерде ешқандай нәтиже болмайды», – деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Коронавирустың қауіптілігі сол – ол ауада көп тұрмайды. Баспалар, есіктің тұтқасы мен терезелер және саябақтағы орындықтарға тез жабысатын көрінеді. Сол себепті, бас санитар дәрігер тұрғындарға сыртта жүргенде барынша антисептик пайдаланып, сақтық шараларын сақтауға шақырады. Одан бөлек, тұрғын үйлерді арнайы мамандар залалсыздандырудан бөлек, әр адам өз үйіне ылғалдандыру жұмыстарын жиі жүргізіп тұру керек екенін айтты.

Новости партнеров