107 млн теңге айыппұл: Соңғы 3 айда Алматыда мыңнан аса кәсіпкер карантин режимін бұзған

Almaty.tv
Almaty.tv
8 аудан бойынша құрылған 32 мобильді топ қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы 3 айда мыңнан аса алматылық кәсіпкер карантин режимін бұзған. Тәртіпке бағынбаған бизнес өкілдерінен 107 миллион теңгеден аса айыппұл жиналған. Ал, жасырын қызмет жасаған диско-барды 3 айға жабу туралы шешім шығарылды. Жаңа жыл қарсаңында қанша нысанда заң бұзылды?  Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтсын.

8 аудан бойынша құрылған 32 мобильді топ қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе мереке қарсаңында бизнес нысандар қатаң түрде қадағаланады. Мәселен, соңғы бір аптада ғана 465 мекеменің 28-інен заңбұзушылықтар анықталған.

«Мониторинг топтарға келсек, осы уақытқа дейін 7 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанға тексеріс жұмыстары жүргізілді. Әрине, заңбұзушылықтар бар. Кәсіпкерлерге санитарлық шаралардың маңызын барынша түсіндіріп жатырмыз», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмәмбетов.

Ал карантиндік шектеулерді бірнеше рет бұзып, хаттамаларды елемей заңсыз жұмыс істеген 14 нысанның ісі сот шешімімен бір айға тоқтатылды. Сондай-ақ, әр мекеменің басшысы 265 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген. Олардың қатарында бильярд клубы, караоке, дәмханалар мен мейрамхана бар.

«Бұл нысандардың барлығы жабылып қана қоймай, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Аталған мекемелердің барлығы дерлік уақыттық шектеуге қарамай жұмыс істеп, қарапайым карантин талаптарын сақтамаған», – деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Жауапты мамандар тұрғындарды шаһардағы тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұру үшін санитарлық нормаларды толықтай сақтауға шақырады. Қазір алматылық кәсіпкерлерге қолданыстағы санитарлық ережелерді түсіндіретін арнайы топ құрылды. Оның құрамында үш жүзден астам ірі сауда және өнеркәсіп нысандарынан 12 маман кіреді.

«Карантиннің бірінші күнінен-ақ біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, сондай-ақ,  шағын және орта бизнес нысандарымен байланыста болдық. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайға барлығымыз жауаптымыз. Осыны түсіну керек», – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Ал, кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық та бар. Төтенше жағдай кезінде кезінде жұмыс істеуге тыйым салынған 9 саланың жұмысы биыл қайта жанданбақ. Ол үшін арнайы алгоритмдер әзірленетін болды.

Сымбат Ноғай,  Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров