Алматының бас санитарлық дәрігері төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін де карантин талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, алматылықтарға бетперде киіп, жеке басының қауіпсіздігі мен қауіпті індеттің алдын алу үшін дезинфекциялық және антисептикалық құралдарды пайдалану керек.
«Барлық сақтық шараларының сақталатынын айтқым келеді. Төтенше жағдай режимі аяқталған күннің өзінде шектеу шаралары, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады. Менің ойымша, бұл бізге әлі де қажет. Өйткені коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі толық аяқталған жоқ», – деді Ж.Бекшин.
Бұл ретте қала тұрғындарының адамдар көп жиналатын жерге бармағаны дұрыс.
Дүкенге, шаштараз, киім тазалайтын мекемелерге барғанда әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Сондай-ақ, қызметкерлерден қарапайым гигиена ережелерін сақтау талап етіледі. Ж. Бекшин адамдар алдын ала жазылу тәртібін сақтап, жасанды кезек жасаудан аулақ болуға шақырды.
«Барлық дүкендер мен кәсіпорындар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауы тиіс. Бұл ретте қаладағы барлық жұмыс берушілерге айтарым бар. Олар өз қызметкерлерін кәсіпорынның немесе нысанның меншік нысанына қарамастан жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз етуі қажет. Барлық персонал бетперде, қолғап және өзінің технологиялық киімінде болуы тиіс. Дүкендер мен шаштараздар қызметкерлері міндетті түрде бетперде, бас киімді және фирмалық киімнің үстіне қолғап киіп жүруге тиіс. Барлық үй-жайлар үнемі желдетіліп, ал жұмыс орындары дезинфекциялау құралдарымен өңделуі тиіс», – деп атап өтті бас санитарлық дәрігер.
Ол сондай-ақ, бұл ережелер құрылыс нысандарына да қатысты екенін атап өтті. Құрылыста барлық жұмысшылар өздерінің технологиялық киімдерін киіп жүргеніне қарамастан, бетперде киюлері міндетті.
11 мамырда Алматы қаласында карантин режимі сақталады. Периметр бойынша орналасқан блок-бекеттердің жұмысы да жалғасады. Бұған дейін қабылданған қалаға кіру мен шығу ережелері сол күйі сақталады. Жұмысқа рұқсат алған кәсіпорындар ғана жіберіледі. Қоғамдық көліктің жұмыс тәртібі де өзгеріссіз қалады (сағат 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін).