Қалалық штабтың мамандары Түрксіб пен Алмалы ауданындағы бірнеше мейрамхананың жұмысын әшкереледі

Қалалық штабтың мамандары Түрксіб пен Алмалы ауданындағы бірнеше мейрамхананың жұмысын әшкереледі
Кәсіпкерлік нысандар Ashyq жобасына қосылса да санитарлық талаптарды ескермеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда карантин талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік нысандар азаймай тұр. Соған байланысты қалалық штабтың мамандары Түрксіб ауданында тексеріс жүргізіп, жасырын той өткізіп жатқан мекеменің үстінен түсті. Алайда келушілер мониторингтік топтың жұмысына кедергі келтіріп, шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Анықталғандай бұл кәсіпкерлік нысан ашық бағдарламасына қосылмағаны өз алдына тығылып той жасап, санитарлық талаптарды сақтамаған. Айта кетейік, пилоттық жоба болмаған жағдайда кешкі 20:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат. Алайда, келушілер оны мойындамай соңына дейін қарсылық танытты.

«Түрксіб ауданында мониторингтік топтардың жұмысы күні-түні жүріп жатыр. Қазір анықталған мекеме бойынша хаттама толтырып, жауапты органға жолдаймыз. Қала тұрғындарына  карантин талаптарын бұзбай, денсаулығымызға жауапкершілікпен қарауды сұраймын», – деді Nur Otan партиясы Түрксіб аудандық филиалының өкілі Рахмидин Ходжаев.

Одан бөлек тексеруші топ өкілдері Ақан сері көшесінің бойында орналасқан тағы 2 мекеменің жұмысын әшкереледі. Кәсіпкерлік нысандар Ashyq жобасына қосылса да санитарлық талаптарды ескермеген. Яғни, келушілер саны 50 пайыздан артық.

«Түрксіб ауданында 4 мониторингтік топ бар. Екеуі күндіз, қалған екеуі түнде шығады. Алдағы уақытта да мониторингтік топтардың жұмысы жалғаса береді», – деді Түрксіб аудандық кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсет Ермекбаев.

Кейін, мамандар  Абылай Хан көшесінің бойында орналасқан мекеменің үстінен түсті. Мұнда келушілердің көптігі соншалық іші де, сырты да адамға лық толы. Тіпті, тексеруші топ 80-ге жуық демалушыны әзер дегенде сыртқа шығарды. Естеріңізде болса кәсіпкерлік нысан осыған дейін де тәртіп бұзып, көзге түскен еді. Амалы қалмаған мамандар бұл жолы да хаттама толтыруға мәжбүр болды.  

«Қазіргі уақытта инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Алмалы ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Алматы қаласы «қызыл» аймаққа енуіне байланысты мониторингтік топтар күшейтілген түрде жұмыс істеуде», – деді Алмалы ауданы мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы  Ақжан Есенұлы.

Айта кетейік, індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина алу. Ғалымдардың да, дәрігерлердің де айтары осы. Сондықтан өзіңізге әрі өзгеге ауру жұқтырмас үшін екпе алу қажет дейді. Бүгінде Алматыда вакцина алғандардың саны 490 мыңға жуықтады. 211 вакцина вакцина егу пункті демалыссыз жұмыс істеп тұр.  

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров