|
26.03.2020 | 20:19
4285

Министр коронавирус індетінен айыққан екі науқас жайлы ақпаратты жарияламауды сұрады

Олардың біреуі Алматы, ал екіншісі Нұр-Сұлтан қаласының ауруханасынан үйіне жіберілген

Министр коронавирус індетінен айыққан екі науқас жайлы ақпаратты жарияламауды сұрады

Коронавирус жұтырғандардың екеуі үйіне шықты. Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев індеттен айыққан екі науқас жайлы ақпаратты жарияламауды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың біреуі Алматы, ал екіншісі Нұр-Сұлтан қаласының ауруханасынан үйіне жіберілген. Бұдан бөлек, министр қазақстандықтарға далада серуендеуге тыйым салынуы әбден мүмкін екенін айтты. Қазір аталған мәселе Мемлекеттік комиссияның қарауында.

Бүгін коронавирустан айыққан екі қазақстандық ауруханадан шықты. Олардың біреуі Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделген. Белгілі болғаны, кеше осы хабар тараған соң бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көптеп хабарласып, науқастар жайлы ақпарат сұрапты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифингте дәрігерлік құпия жайлы еске сала кетті.  

«Ешкім коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайды. Бұл адамдардың барлығы өз азаматтарымыз. Олар өзіне қатысты жеке мәліметтерді жарияламауға құқығы бар. Біз сол құқығын сыйлауымыз керек. Сонымен бірге, егер ол адамдар туралы қандай да бір ақпарат тапсаңыздар, ол кісілердің рұқсатынсыз ешкімге бермеуді сұраймыз. Оларды емдеу тәртібі туралы журналистерге дәрігерлер айтып береді. Мұндай сұхбатты біз ұйымдастыра аламыз», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Министр сондай-ақ, төтенше жағдай енгізу салдарынан кірістерін жоғалтқан адамдарға төленетін қаражат мәселесіне тоқталды. Әлеуметтік төлемнің бір жарым миллион адамға берілетіні анықталған. Оның екі түрі болады.

«Бірінші – Төтенше жағдайға байланысты ақысыз еңбек демалысына шыққандарға. Оның көлемі айына 42 мың теңге. Бұл ұсақ, шағын және орта бизнестің қызметкерлері болуы мүмкін. Олар соңғы жылы мемлекеттік қорға 3 рет аударым жасаған болуы керек. Қажетті өтінімді жұмысшы емес, жұмыс беруші жасайды. Өтінімді аудандық және қалалық жұмыспен қамту штабына беру керек. Төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша жүреді. Төлемдердің екінші түрі – жұмыстан шығып қалғандарға қатысты. Олар төлемдерді 1 айдан 6 айға дейін алады. Төлемдердің көлемі айлықтың 40% құрайды», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.

Төлемді алу үшін қажетті өтінім берудің еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, арыз беру қажет. Арызды онлайн беруге болады. Дәурен Абаев карантин уақытында далада серуендеп жүргендерге қатысты да пікірін білдірді. Соңғы тәулікте осы ретте 20-дан астам сауал келіп түскен екен. Аталған мәселе қазір Мемлекеттік комиссияның қарауында. Комиссия отырысы бүгін өтеді. Оның нәтижесі жайлы Бұқаралық ақрапат құралдарында жария етіледі.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир