|
24.03.2020 | 19:17
1943

Елордалықтар карантин тәртібін қаншалықты орындауда – тілші көзімен

Нұр-Сұлтан әкімдігі карантин режимі аясында барлық сақтық шараларын қолға алды

Елордалықтар карантин тәртібін қаншалықты орындауда – тілші көзімен Фото: tassphoto.com

«Біз қандай карантин жасасақ та, қаншама дезинфекция жүргізсек те, тіпті басымыздан аяғымызға дейін бүркеніп жүрсек те, егер үйден шығып, әр жерге барып жүре берсек, біз бұл ауруды жеңе алмаймыз. Сондықтан ешкім үйден шықпауы қажет. Бәрі үйде отыруы керек!», – деп мәлімдеме жасады ҚР Бас инфекционисі Динагүл БАЕШЕВА.

Алайда, елордалықтар ақ халаттылардың мұндай кеңестеріне құлақ аспайтын сыңайлы. Үйге сыймай, далада серуендеп жүр. Динара есімді азаматша «таза ауаға шықпасаң, вирусты үйде отырып, төрт қабырғадан-ақ жұқтыруға болады» деп санайды. Сондықтан үш жасар ұлын саябаққа алып келген. Ал бетперде таққысы келмеген балғынға айла-амалын тауып, «Өрмекші адамның» маскасын кигізіпті.      

«Менің ойымша, баланың иммунитетін қатайту үшін таза ауаға серуендетіп отырған жөн. Үйде қамап, керісінше, ауыртып алуым мүмкін. Бір өкініштісі, шаһардағы дәріханаларда бетперде жоқ. Әне алып келеді, міне алып келеді деуден бір танбайды. Алайда, маска бәрібір жоқ», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ДИНАРА.

Біз сөзге тартқан тағы бір азамат «Бізден алшақ жүріңізші» деп өтінді. Екі бірдей бүлдіршінін бесікарбаға салып алып, адам көп шоғырланған жерде оңаша жүргенді қалады.    

Адам саны әсіресе, елорданың жағажайында тым көп. Тіпті жөргектегі сәбилерін алып, серуендеп жүргендер жетерлік. Тұрғындарды сауалнамаға тартып көріп едік, «ең бастысы, бетперде киіп, бір-бірімізден алшақ жүрміз» дегенді алға тартады.

«Карантинге қарамастан, халық серуендеп жүр. Бұл қаншалықты дұрыс, қалай ойлайсыз?» деген біздің сауалымызға тұрғындардан: «Далаға шығу керек, бүгін ауа райы жақсы болып тұр, паркте де қазір адам аз», «Біз далаға көп шыға бермейміз, тек жарты сағатқа ғана балалармен серуендепк елеміз», «Арақашықтықты сақтап, ештеңені ұстамай, үйге қайтамыз», «Біз 4 күннен бері үйде отырмыз. Таза ауада тыныстағымыз келеді. Бірақ тәртіп сақтап жүрміз, тіпті, сізден де алысырақ тұрғанымызды байқаған шығарсыз?», «Үйде отырғымыз келмейді. Қыдырып жүргіміз келеді. Таза ауа жұтпаса, болмайды», - деген сияқты әр түрлі жауап алдық.

Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі карантин режимі аясында барлық сақтық шараларын қолға алған. Адам көп шоғырланатын, бұқаралық нысандарға шектеу қойылып отыр. Сауда және ойын-сауық орталықтар, дәмханалар мен түнгі клубтар, үйірмелердің жұмысы тоқтады. Олар бойынша тәртіп сақшыларымен күнделікті рейдтер ұйымдастырылуда.  

«Біз адамдарды аса бір үлкен қажеттілік болмаса,  үйде отыруға шақырамыз. Мүмкіндігінше үйлерінде қалып, барлық қарапайым тазалық қағидаттарын ұстанса деген тілек бар. Қазір біз егде жастағы тұрғындарымыз үшін дәрі-дәрмекті жеткізудің амалдарын қарастырудамыз. Себебі, дәл осы санаттағы адамдар үшін вирус қауіпті», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.  

Айта кетейік, қазір қала сыртында елордалық әкімдік 6 блок-бекет қойды. Адамдардың, көліктердің кіріп-шығуына тыйым салынды. Тек қаланы жарық, жылумен қамтып отырған жылу электр орталығы мен электр желілік тарату компаниясының қызметкерлеріне өтуге рұқсат берілген. Бұдан бөлек, шаһарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлерге де рұқсат. Тек үйде отырып, тәртіпке бағыну ғана инфекцияны тыйып, карантиннің аяқталуына сеп болмақ.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир