Алматыда коронавирусты тез анықтайтын тестілеу орындары ашылады

Фото: rbc.ru
Фото: rbc.ru
Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда коронавирусты тез анықтайтын тестілеу орындары ашылады. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай пункттер тұрғындарға тест-сынамасын тапсырып, аз уақыттың ішінде адам ағзасында вирустың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.  Әзірге қалада мұндай 8 орын ашу жоспарланып отыр. Тест сынамасын кімдер және қандай жағдайда тапсыра алады?

Қауіпті індетті анықтайтын тест-сынамасынан бірінші кезекте 5 санатқа кіретін азаматтар өте алады. Олар: COVID-19-дың алғашқы белгілері байқалғандар, медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, мемлекеттік қызметкерлер және коммуналдық шаруашылықта жұмыс істейтіндер. Бәрі қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүргендіктен, тестіні бірінші болып тапсырады. Ал қала тұрғындары ұялы телефондарына тиісті SMS хабарлама келгенше үйде отырулары тиіс.  

«Бүгінгі күнде экпресс-тесттің бәрі ақысыз берілейін деп жатыр. Әрі қарай жеке компаниялар ұйымдастырып, ақысын береміз десе өздерінің құқығы. Бүгінігі күнде бәрі тегін жүргізіледі», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, алматыдағы 3 науқастан коронавирустың жаңа түрі анықталды. Олар шетелден келгендер емес, осындағы науқастардан жұқтырған 45 жастағы ер адам және 58 бен 56 жастағы әйелдер. Ер адамның жағдайы орташа ауыр деңгейде. Жұқтырған инфекция пневмонияға ұласқан. Ал екі әйелдің жағдайы жақсы. Қазір олармен байланыста болғандар карантинге жатқызылды. Бүгінде қалада қауіпті инфекциямен 99 адам ем алып жатыр. Ал, 21 адам кеселден айығып, ауруханадан шықты.

«Провизорлық орталықта 318 адам бар. Оның 35-і бала. Тек кеше ғана провизорлық орталықтардан 203 адам емделуден шықты. Оның ішінде 44 бала бар. Олардың барлығы да 14 күндік карантинде болған. Ауруханадан шығарылды. Карантиндік оқшаулауда 385 азамат бар. Оның ішінде 39 бала. 5144 адам үй карантинінде», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы ТІЛЕУХАН ӘБІЛДАЕВ.

Айта кетейік, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге үстемақы төлеу жөнінде жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай қалада арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелері  дәрігерлердің қандай қауіп деңгейінде жұмыс істеп жатқанына байланысты әр түрлі көлемде үстемақы тағайындайды.

Алматыдағы коронавирус жұқтырған науқастардың бәрі де осы жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Өдеріңіз көргендей аурухана аумағы сақтық шаралардың күшейтілген режиміне көшкен. Сырттан келген бөгде адамдарды мүлде кіргізбейді. Елімізге төнген мұндай сын сағатта дәрігерлер әрқайсымыздың үйде болуымызды сұрайды. Себебі біз үйде болу арқылы қауіпті індетті жұқтырғандардың санын азайтамыз. Бұл қарабайыр нәрсе емес, қарапайым ғана қағида.

Ұлағат Арғын, «Алматы» тілшісі


Новости партнеров