Алматыдағы эпидахуал: Жандарбек Бекшин тұрғындарға үндеу жасады

Алматыдағы эпидахуал: Жандарбек Бекшин тұрғындарға үндеу жасады
Алматыдағы эпидахуал әлі де күрделі. Коронавирус пен пневмониядан бір тәулікте 27 алматылық көз жұмды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коронавирустың дельта штамы 170 елде тіркелді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Сондықтан Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин карантин талаптарын қатаң түрде сақтау қажеттігін, сондай-ақ вакцина алу қарқынын бәсеңдетпеу керектігін айтып, халыққа үндеу тастады, деп хабарлайды Almaty.

Дәл қазір індетке қарсы екпе салу қарқыны бойынша өңірлер арасынан Алматы қаласы көш басында. Дегенмен тиісті көрсеткішке жетпей тұр. 

Алматыдағы эпидахуал әлі де күрделі. Коронавирус пен пневмониядан бір тәулікте 27 алматылық көз жұмды. 393 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. 1264 қала тұрғынынан жұқпалы індет ПТР арқылы расталды.

«Жұқтырудың негізгі орындары – бұл сауда объектілері. Коронавирус ең көп жұқтырған азаматтар ол – 20-39 жас аралығындағы тұрғындар», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Алматыда епке егетін 160 пункт жұмыс істеп жатыр. Соның бірі қалалық №5 клиникалық ауруханада орналасқан. Онда "Спутник V", "Вера Селл" және отандық "КазВак" вакцинасының қос дозасы бар.

«1 қыркүйектен бастап оқу дәстүрлі форматқа өткелі вакцина алушылар қатары көбейді. Олардың көбі студенттер. Жатақханада және білім ордасында індеттен сақтану үшін екпе салдырып жатыр», – деді қалалық №5 клиникалық аурухананың инфекционист дәрігері Ольга Антипова.

Қала бойынша бір тәулікте екпенің бірінші компонентін 3 мың 710 тұрғын, екінші компонентін 7 мың 760 адам салдырған. Осылайша иммундау процесінен өткен тұрғын саны 875 мың 165 адамға жетті.  

«Екпе алғандар бұл ауруды жеңіл өткеріп жатыр, тіпті жұқтырып алу қаупі төмен. Сондықтан мен де өзімді және өзгені сақтау үшін вакцина салдырдым», – деді қала тұрғыны Кристина Халитова.

Ақпан айынан бері қала тұрғынының 44 пайызы епке салдырды. Алайда бұл жеткіліксіз. Мамандар вакцина алған алматылық саны 70-80 пайызды құраған кезде ғана шектеулерді алып тастау мүмкін болатынын айтты.  

Оразай Нұртай, Динара Сәбитова, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров