Қазақстанда «Үнді штамына» байланысты локдаун жариялау мәселесі қаралып жатқан жоқ. Ол туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Айтуынша, әзірге ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан қаласында нақты шектеу шараларын қабылдады. Дегенмен, бүгінгі таңда бас қалада жүргізілген 55 сынаманың 50 пайызы «Үнді штамының» ықтималдығын көрсеткен. Алматы қаласында да ұқсас белгілер пайда болғандықтан, эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне дайынбыз деп отыр.
«Әрине, біз болжаумен айналысамыз. «Үнді штамының» елде қалай таралатынын түсіну өте маңызды. Нұр-Сұлтаннан басқа Алматыда бұл штаммның ықтимал белгілері пайда болды. Синхрондау негізінде біз ел бойынша кеңірек көріністі көре аламыз. Жалпы денсаулық сақтау жүйесі реакция беру бойынша қайта құрылды. Резервтік төсек қорын кем дегенде екі есе көп орналастыруға болады. Төсек-орындар дайын. Дәрілік заттар қоймаларда үш айлық қорда бар, жеке қорғаныс құралдары да жеткілікті», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінше, Қазақстанда қолданылатын барлық вакцина тиімді әрі қауіпсіз. Оның үстіне тегін болса да тұрғындардың денсаулығын қорғау белсенділігі төмен. Вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отырғандықтан оның санын арттыру талаптары күшейеді.
«Қажетті вакцина көлемі Қазақстанда бар. Алғашында мұны ерікті түрде деп жариялаған едік. Бірақ, жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біздің басты міндетіміз – азаматтарға вакцина алуды қолжетімді ету. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2,4 млн доза вакцина қоры бар. Оған қосымша екі аптада тағы 2 млн вакцина жеткізуді қамтамасыз етеміз. Шындығында, вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл бірқатар облыстар мен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан, вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді, тәулігіне 70 мың дозаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.