Алматының Әуезов ауданында карантин талабын бұзған 100-ден астам адам жауапкершілікке тартылған

Алматының Әуезов ауданында карантин талабын бұзған 100-ден астам адам жауапкершілікке тартылған
Қалада мониторингтік топтар қарқынды түрде жұмыс жүргізіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Індет жаппай таралмауы үшін мониторингтік топтар қарқынды түрде  жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгін Әуезов ауданының мамандары бірқатар сауда орындарының санитарлық талаптарды қаншалықты сақтап жатқанын тексерді. Рейд жұмыстары қалай өтті? Әлі де тәртіпке бағынғысы келмейтіндер көп пе? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.

Әуезов аудандық мониторингтік топ өкілдері алдымен аудандағы сауда үйінің біріне бет алды. Бұл мекеме бекітілген ережені бұлжытпай орындап отыр. Кіреберісте дезинфекциялық туннель орнатылған, келушілердің дене қызуы өлшенеді. Бетперде тағуды және әлеуметтік арақашықтықты еске салар жапсырмалар да жеткілікті. Мамандар мұнда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын тағы бір ескертті. Ал саудагерлер болса, мұндай жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұратынын жеткізді.

«Мониторингтік топ бізді жиі тексеріп тұрады. Біз сол тексеруге әрдайым дайынбыз. Біз де өзіміздің атымыздан насихат жұмыстарын жиі жүргізіп тұрамыз», – деді сауда үйінің директоры Айжан Жұмағұлова.

Мамандар тексеріс барысында санитарлық талаптарды сақтамаған бірнеше дүкенді де әшкереледі. Оның біреуінде сатушы бетпердесіз. Талапқа сәйкес, еден жуғанда арнайы қолқап киюі керек. Сәйкесінше қатаң ескерту жасалды. Ал сатушы болса, дүкенде бұрын соңды істеп көрмегенмін, ережемен толықтай таныс емеспін деп ақтала жөнелді.

Келесі мекеме санитарлық талаптарды естен шығарған сыңайлы. Тосыннан келген тексерісті күтпеген қызметкерлер абдырап, бетпердесін көтере жөнелді. Ал кіреберісте келушелірдің дене қызуы өлшенбейді, жерде әлеуметтік арақашықтықты еске салатын жолақтар сызылмаған. Тіпті, тепловизор да алынбаған.

«Осы аурудың көбейіп кетпеуіне қарсы іс-шарлар жүргізіледі әкімшілік тарапынан. Үлкен сауда үйлерінде және сауда орталықтрында барлық санитарлық-эпидемиялық нормаларды сақтауға тырысады. Ал кішігірім дүкендерде, үй жанындағы дүкендерде және басқа да кішігірім кәсіпкерлік объектілерінде сақталу нормалары жартылай болып табылады», – деді Әуезов ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.

Айта кетейік, ауданда 8 қазаннан бері 503 нысан тексерілген. Оның ішінде 8 мекеменің жұмысы тоқтатылып, 97 жеке және 27 заңды тұлға ережені сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров