Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда карантин тәртібі сақталады. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен, қандай салалардың қызметі қалпына келеді? Ел экономикасын не күтіп тұр?
Президенттің бүгінгі мәлімдемесін көпшілік асыға күтті. Мемлекет басшысы әлі вирус қаупі сейілмегенін, сондықтан карантин талабы сақталатынын бірден жеткізді. Дегенмен көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтардағы шектеулер де алынады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Бірақ облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер солай қала бермек. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде 3 адамнан артық топтасуға болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Сақтық шаралары сақталмаған жағдайда індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.
«Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек. Індет таралып, экономикалық мәселелердің ушығып кеткені рас. Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық. Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі бек мүмкін деген болжамдар жасалуда. Себебі экономиканың салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайған. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие, деді Президент. Ал, экономист Диас Құмарбеков бізде қаржы резерві жеткілікті және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстар баршылық деген пікірімен бөлісті.
«Президент өз мәлімдемесіің басым бөлігінде Ұлттық экономиканы сақтау және индустрияландыруға көп тоқталды. Өйткені Қазақстанның экономикасы қазіргі таңда негізінен энергетикалық ресурстарға, мұнай бағасына тікелей тәуелді. Мемлекет басшысы атап өткендей, пандемиядан кейін біздің экономикамыз бұрынғыдай болмайды. Біз қалыпқа келетін энергия көздеріне көшеміз. Сонымен қатар қайта өңдеу саласына басымдық беріледі. Себебі өзі өнім шығаратын мемлекет қана дағдарыстың салқынын айтарлықтай сезінбейді», – деді экономист Диас ҚҰМАРБЕКОВ.
Президенттің пікірніше, экспорт пен ішкі нарықтағы мүмкіндіктерді айқындайтын кез келді. Бұл ретте отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралар мықтап қолға алынбақ. Сондай-ақ ауыл шарушалығына ерекше басымдық беріледі. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірде «алқаптан сөреге дейін» ауылдарда кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды тапсырды. 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірленеді. Бұл шаралар 2 миллионға жуық ауыл тұрғындарының табысын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53-тен 70%-ға дейін жоғарылатады және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің импортын азайтады деп болжануда.
«Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуы тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Баспана қолжетімділігіне де баса мән берілмек. Мемлекет басшысы кезекте тұрғандардың мәселелерін шешу үшін «5-10-20» несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобаны іске қосуды тапсырды. Осы мақсаттарға 390 млрд.теңге бағытталмақ. Биыл елімізде 15 млн.шаршы метр немесе 150 мың пәтер мен үй құрылысының рекордтық көлемі жоспарланған. Сонымен қатар Президент микро және шағын кәсіпкерлік те дағдарыс кезеңінде жеке назар аударуды талап ететінін жеткізді. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды жүктеді.
«Біз түсініп отырмыз, мұнайдың бағасы түсті. Ұсыныс пен сұраныстың жағдайы ерекшеленіп отыр. Сол себептен біздің экономикамыз былайша айтқанда, төмендеп кетті. Енді біздің мақсат – дағдарысқа қарсы бағдарлама арқылы экономикамызды орнына келтіру керек. Бұл жайында Тоқаев нақты-нақты айтып өтті. Сонымен қатар, көбінесе бұл мәселеде қоғамдық ұйымдарды қосу керек», – деді саясаттанушы Азаматхан ӘМІРТАЙ.
Енді төтенше жағдай режимін енгізуден неғұрлым зардап шеккен экономика секторлары үшін форс-мажорлық жағдай деп тану нормативтік деңгейде бекітіледі. Сондай-ақ, осы қиын кезеңде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдау, жеке меншік пен бәсекелестікті қорғау маңызды деді мемлекет басшысы. Жосықсыз кредиторлар тарапынан қысымға жол бермеу мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімін жүргізуді ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін тоқтата тұруды тапсырды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы