|
13.04.2021 | 20:27
4765

Алматыда бір тәулікте 10 мыңнан аса тұрғын екпе салдырған

Шаһарда вакцинация пункттері де көбейіп жатыр

Алматыда бір тәулікте 10 мыңнан аса тұрғын екпе салдырған

Коронавирус вакцинасын алуға ниеттілер саны артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде 10 мыңнан астам алматылық екпе салдырған. Сәйкесінше, шаһарда вакцинация пункттері де көбейіп жатыр. Мектептердегі екпе егу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.

Ерлан Назарбаев  мектеп мұғалімі, жасы елу төртте. Ол бүгін № 58 мектептегі вакцина егу пунктіне келіп, екпе салдырды. Азамат алдын-ала жазылған. Ал кіребрісте оны дәрігерлер күтіп алып, арнайы сауалнама ұсынды. Кейіннен ол жайлы ақпарат бірыңғай тіркеу базасына енгізілді. Осы арқылы вакцинация паспорты әзірленетін болады. Енді 21 күннен кейін оның телефон нөміріне екінші доза алуға шақырту жіберіледі.

«Жаңа ғана вакцина алдым. Қал-жағдайым өте жақсы. Ешқандай қиындықты сезіп тұрған жоқпын. Өзімді де және қоршаған маңайымды қоршаған адамдарға ауру жұқтырмасақ, тезірек бәрі бітсе екен, сол үшін вакцина алуды шештім», – деді №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ерлан Назарбаев.

Бұл мектепке 56 жастағы зауыт инженері Пётр Андросенко да келген. Жақында ғана немерелі болған азамат еш алаңсыз балаларына барғысы келетінін айтады. Ал коронавирус екпесін салдыру – індетті жеңудің жалғаз жолы екеніне сенімді.

«Ешкімге ауру жұқтырмасам екен деген оймен вакцина салдырдым. Бұл – жылдар бойы тексерілген әдіс қой. Вакцинацияға дейін де, салдырған соң да өзімді өте жақсы сезінемін. Енді 21 күннен кейін осы жерге келіп, екінші дозасын аламын. Бұл мектеп тура үйімнің жанында, өте ыңғайлы», – деді инженер Пётр Андросенко.

№8 емханаға қарасты бұл екпе егу пункті таңғы сағат 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Кешегі күннің өзінде мұнда 120 адам вакцина алып үлгерген. 200 адамға дейін қабылдай аламыз дейді мамандар. Ал дәрігерлердің айтуынша, мұнда келушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кейін де жағдайларын жіті бақылап отырады.

«Медицина қызметкерлерінің тарапынан біз екпені алғаннан кейін 72 сағаттың ішінде біз тағы бір рет хабарласамыз. Хабарласудың түрі жаңағы қалта телефон нөмірін береді дәрігерлерге, дәрігерлер өздері алады науқастың телефонын. Сөйтіп, қарама-қарсы бір-бірімен сөйлесіп отырады. Енді ешқандай да жаман әсерлі ешқандай болған жоқ. Барлығы да жақсы», – деді №8 қалалық емхананың бас мейірбикесі Салтанат Бейсенбаева.

Аты жаман ауруға қарсы вакцина салдырам деушілердің қарасы қалың. Рамазан айында мұндай екпе алу оразаны бұзбайды дейді имамдар.

«Вакцинаның құрамында жалпы ораза кезде иненің ораза кезінде адамның денесіне күш-қуат беретін элементтер жоқтығы себебінен, екіншісі бұл емдік қасиетінен салынғандықтан вакцина ораза айында ораза ұстаушының оразасын бұзбайды», – деді Әли-Мұхаммед мешітінің бас имамы Қанатәлі Такиров.

Айта кету керек, бір тәулікте ғана 10 мың алматылық коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Ал, бірінші ақпаннан бері 87 мыңға жуық адам вакцина алып үлгеріпті.

Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир