Ол 29 сәуірде Алматыдағы №17 қалалық емханада Спутник-V препаратының бірінші компонентін алған
Вакцинадан кейін сіңірім тартылды деп желіні шулатқан әйелге қатысты жаңа ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол 29 сәуірде Алматыдағы №17 қалалық емханада Спутник-V препаратының бірінші компонентін алған. Құрбысының сөзінше, содан бері оның бұлшықеті 3 рет құрысып қалған. Ал, вакциналау пункті өкілдерінің айтуынша, әйел екпе алғаннан кейін тәртіп бойынша жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болыпты. Алайда осы уақыт ішінде ол өзін жақсы сезінген.
«Оның денсаулығын тексеру барысында ағзасынан вакцина салуға қарсы ешқандай көрсетілім анықталған жоқ. Ол Спутник-V препаратының бірінші дозасын алды. Одан кейін жарты сағат ішінде тұрғынның тарапынан ешқандай шағым болмаған соң үйіне жіберілді. Сондай-ақ, ол сауалнамада екпені өз еркімен алып жатқанын растаған», – деді №17 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Виктор Ким.
Ал, қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев әйелдің жергілікті медициналық мекеменің акушері екенін айтты. Ол осыдан 5 ай бұрын Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына жұмысқа орналасқан. Қазір оның денсаулығының нашарлап кетуіне вакцинаның қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.