|
08.04.2020 | 20:39
16142

Коронавирус індетін жұқтырған науқас арнамызға сұхбат берді

Стамбулдан ұшып келген алматылық тұрғынның қазіргі жағдайы бірқалыпты

Коронавирус індетін жұқтырған науқас арнамызға сұхбат берді Almaty.tv

Жөтелу, мұрын бітелу, дене қызуының көтерілуі және тыныс алу жолдарының қабынуы – бұл коронавирустың алғашқы белгілері. Қауіпті індетті жұқтырған науқас біздің арнаға сұхбат берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Стамбулдан ұшып келген алматылық тұрғынның қазіргі жағдайы бірқалыпты. Қажетті ем-дом шаралын қабылдап жатыр. Сондай-ақ, қауіпті індетке қатысты елдегі және әлемдегі соңғы ахуал қандай?

Владимир Мурзин 15 наурызда Стамбулдан Алматыға ұшып келген. 29 жастағы жігіт бұған дейін өмірінде мүлде ауруханаға жатпағанын айтады. Бүгін ем қабылдап жатқан 12-күні. Бөлме күніне 3 мәрте тазаланады, тоңазытқыш, теледидар бәрі бар. Ауруханада науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Алматылық тұрғын тест-сынамасын үшінші рет тапсырған кезде ғана қауіпті індет анықталыпты.  

«Стамбулдан келгенде бірден анализ тапсырдық. Нәтижесінде коронавирус белгілері болмады. Араға 8 күн салып тағы да қан тапсырдық. Дәрігерлердің айтуынша, екінші анализдің қорытындысы бойынша күдік белгілері байқалған. Абыржып, уайымдап кеттім. Содан соң жұқпалы аурулар ауруханасына апарды. Ол жерде үшінші анализді өткіздік. Нәтижесі расталды. Біз үшін дәрігерлер күні-түні аянбай қызмет етіп жүр. Оларға алғысымды білдіргім келеді. Өз денсаулығыңызды сақтаңыздар!» – деді  қала тұрғыны Владимир МУРЗИН.

Ауруды дер кезінде алдын-алмаса жағдай қиын. Оны әлем елдеріндегі оқиғаларға қарап аңғаруға болады. Сондай елдің бірі - Ұлыбритания. Мұнда соңғы бір тәулікте - 786 өлім тіркелген. Ал, бұл – Карен Манеринг. Ұлыбританиялық тұрғын жүктілігінің 26-аптасында. Ол бәрінен бұрын құрсақтағы баласына алаңдайды. 39 жастағы әйелдің өмірімен қазір дәрігерлер арпалысып жатыр.

«Менің екі өкпем қабынған. Денсаулығым жақсы деп айта алмаймын. 3 балам мен жолдасымды көруден қалдым. Сіздің достарыңыз келіп, көңіл көтеруге ұсыныс жасаған болса, дереу бас тартыңыз. Сыртқа шығып, сіз өзіңіз вирус жұқтырғаныңызбен қоймай, үйге әкелесіз. Отбасыңызды жақындарыңызды ойлаңыз», – деді Ұлыбритания тұрғыны Карен МАНЕРИНГ.

Ал, вирустың ошағы саналатын Уханда бүгінде жағдай тұрақты. Қала 76 күнге жабылғаннан карантин бүгін ашылды. 28 наурызда қалаға кіру үшін темір жол қатынасы іске қосылған болатын. Бүгіннен бастап мұнда қаладан шығу үшін де жол ашық. Провинция орталығы Хубейде қоғамдық көліктер, метро, автобус, паромдар жүре бастады. Сондай-ақ әуежайларда да рейстер уақыты жаңарып жатыр.

ШУМ:

– Мен ауруханада жұмыс істедім, сондықтан кеспені бір ай бойы жей алмадым. Дәмі керемет

–  Менің басты арманым –  өмірден рахат алу. Қалыпты өмірге оралғанымызға қуаныштымын!

Ал, Қытайдан Қазақстанға 13 маманнан тұратын дәрігерлер делегациясы келмек. Мақсат – Қазақстан дәрігерлеріне COVID-19 індетімен күресте көмек көрсету. Медицина қызметкерлерімен қоса Қазақстанға гуманитарлық көмектің екінші бөлігі келеді деп жоспарланып отыр. Коронавирус инфекциясының алдын алу және науқастарды емдеуде Қытай дәрігерлерінің тәжірибесі орасан зор саналмақ.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир