Елордада мемлекеттік қызметкерлердің коронавирус жұқтыруы жиілеген

Фото: Станислав Красильников/ТАСС
Фото: Станислав Красильников/ТАСС
Күніне 100 жағдай тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі эпид ахуал күрделі. Елордада мемлекеттік қызметкерлердің коронавирус жұқтыруы жиілеген. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, қызметкерлер арасында тәулік сайын науқастанудың 100 жағдайы тіркелген.

Бас дәрігер ақпарын бірінші бас қаладан бастады. Оның айтуынша, қазір ковидті жұқтырып жатқандардың дені мемлекетттік қызметшілер. Бұған дейін тәулігіне 10-ға жетпейтін жағдай ғана тіркелген еді. Қазіргі көрсеткіш бір күнде 100 науқасқа жетті. Балалар арасында да аурудың таралуы жиілеген.

«Жылдың басынан бастап елімізде 6000-нан астам бала ауырып жатыр. Қазіргі таңда ауруханада 423 бала емделіп жатыр. Әрбір баланың денсаулығын министрліктің деңгейінде қарап отырамыз. Бүгінгі таңда осы балалардың ішінде 21 пайызы жеңіл түрде, 77 пайызы орташа түрде өткеріп жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Бас қала әлі «сары аймақта». Министр қатаң шектеу шараларын қандайда бір өңір «қызыл» аймаққа өткенде енгізелетінін жеткізді. Оның өзі 2 кезең бойынша жүзеге асады. Алғашқысында бетперде тағу міндеттелмек.

«Әзірге вирустың таралуы байқалса да, бизнеске шектеу қойылмай отырғанын еске саламын. Қазір ауру біршама жеңіл өтіп жатыр. Науқастардың 94%-ы амбулаториялық ем қабылдаған. Біз тек ұсыным ғана беріп отырмыз. Бірақ, халықтың денсаулығына қатер төнсе немесе ауыр жағдай көбейіп, өлім-жітім жиілеп кетсе, қабылдайтын шараларды қайта қараймыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Елде қазіргі таңда әлемді алаңдатқан маймыл шешегін  диагностикалаудың әдістемесі әзірленіп жатыр. Денсаулық сақтау министрінің ақпарынша, ақ халаттылар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. «Олардың тарапынан қандай да бір нұсқау болса, соны орындауға тырысамыз» деді Ажар Ғиният. Ал елде осы ауруға ұқсас симптомдары бар науқастарға мониторинг жүргізіледі.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров