Кеселдің жолын кесу үшін еліміздің барлық құрылымдық күштері жұмылдырылған, деп хабарлады Almaty.tv.
Мәселен, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында Қарулы Күштердегі биологиялық қорғау бөлімшелерінің әскери қызметкерлері де қаладағы нысандарды залалсыздандыру іс-шараларына қатысып, Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарларының адам көп жүретін жерлеріне барынша дезинфекция жасап жатыр.
«Қазіргі таңда жергілікті аумақта санитариялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. ЖГК-1 арнайы құралдарын, «Рубеж» ерітіндісімен пайдаланады. Бұл ерітіндінің ұзақтығы 5-тен 1 сағатқа дейін созылады. Тұрғындарға ешқандай әсері жоқ. Жұртшылық та түсіністік танытып жатыр», – деді ҚР ҚК 03-811 Әскери бөлімінің радияциялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімінің бастығы Ермек НЫСАНБЕК.
Сонымен қатар, қорғаныс министрлігі барлық жеке құрам жуу және дезинфекциялау құралдарымен, сондай-ақ жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің əскери қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақыларын коронавируспен күресу үшін құрылған қорға аударған болатын.