Biz birgemiz: Алатау ауданының тұрғындарына азық-түлік пен антисептикалық құралдар таратылды

Biz birgemiz: Алатау ауданының тұрғындарына азық-түлік пен антисептикалық құралдар таратылды
Қайырымдылық жоба Nur Otan партиясының бастамасымен іске асып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қауіпті кеселдің кесірі Алматы шаһарын да айналып өтпей, қала тұрғындарының қалтасын оңдырмай қағуда, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Жұқпалы індеттен қорғануға арналған медициналық заттар мен азық-түлік бағасы шарықтағаны былай тұрсын, дәріханалар мен дүкендерде жоқтың-қасы. Ал, оларды сатып алуға қаражаттың жетіспеушілігі кейбір тұрғындардың қолдарын тіпті байлаған. Осындай қиын кезеңде халықтың қамын ойлағандар қол қусырып отырмай, барынша көмек көрсетуде.  

Коронавирус індетінің таралуына байланысты әлеуметтік жағдайы нашар біраз алматылықтар мен ерекше жандардың өздерін күнделікті тұрмыста қажетті заттармен қамтамасыз етуі қиынға соғуда. Осы орайда «Біз біргеміз» акциясы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып,  күнделікті қажетті азық-түліктер мен медициналық бетперде, сабын және санитайзер секілді заттармен қамтамасыз етіп, оларды таратуда.

Сүйық май, нан, шәй, ұн өнімдері секілді азық-түліктер мен антисептикалық құралдар бұған дейін Алатау ауданының 20-дан астам тұрғындарына, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен көпбалалы отбасыларға таратылған. Бүгін аудан әкімі мен Нұр Отан партиясының өкілдері сондай-ақ еріктілер керек-жарақтарды жағдайы нашар 25 отбасыға және мүгедек жандарға табыстады.

«Біз біргеміз» акциясы аясында біздер көпбалалы аналарға, мүгедек, мұқтаж адамдарға, жағдайы төмендерге «продуктовая корзина» дейді, сондайды жинастырып, бүгінгі таңда таратып жатырмыз. Күніге келіп, сондай ұсыныстар бізге түсуде. Бәрін қарастырып, бәрін аудан әкімшілігі мен бірге «Нұр Отан» партиясы үй-үйді аралап, осындай заттарды беріп жатырмыз», – деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат ҚАЛДЫБЕКОВ

Арнайы көмек көрсетілген аудан тұрғындары Open.Almaty мен аудан әкімдігінің тізіміне іліккендер болатын. Оларға керек-жарақтарды табыстау кезінде еріктілер медициналық бетперде мен қолғапты киіп, сақтық шараларын да ұмытпады. Берілген көмекке риза болған аудан тұрғындары жеке келген әкімге ризашылықтарын білдірді.

«Алладан қайтсын. Бәріңізге рахметімізді айтамыз бала-шағамыздың, семьямыздың атынан. Өмірлерің ұзақ болсын. Алладан қайтсын қызметтерің. Бәріміз қазақ үшін осы атсалысып жүргендеріңе рахмет. Қазағым аман болсын!», – деді Алатау ауданының тұрғыны Жаңабай ЖАЛҒАСБАЙҰЛЫ

Карантин уақытында «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы әр бір ауданда қызу жүзеге асып, әрі қарай да жалғаса бермек. Қала бойынша қайырымдылық жасауға ниет білдірушілер еріктілер қатарына қосылуларына, сондай-ақ кез-келген азамат «Нұр Отан» партиясы арнайы ашқан есеп шотқа қаржы аударуларына болады.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров