|
12.07.2021 | 20:30
1210

Демалыс күндері карантин талаптарын бұзған мекемелер айыппұл төлейді

Алмалы ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр

Алматыда карантин талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлік нысандары азаймай тұр. Сол үшін қалалық штабтың мамандары күні-түні рейд жүргізіп, мекемелерді тексеріп жатыр. Нәтижесінде мониторингтік топтың өкілдері Медеу және Алмалы ауданында орналасқан бірнеше мейрамхананың үстінен түсіп, жұмысын әшкереледі. Тіпті, біздің түсірілім және тексеруші топтың мамандарына қарсылық танытқандар да болды. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндайды.

Қалалық штабтың мамандары өткен демалыста қалада тексеріс жүргізіп, Медеу ауданында орналасқан мейрамхананың карантиндік талаптарды сақтамай жұмыс істегенін анықтаған. Мекеменің санитарлық ережені бұзғаны былай тұрсын, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да әр-әр жерде шегіліпті.

«Бүгінгі күні Медеу ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Оның 2-і күндіз шықса, қалған 2-і түнде шығады. Кәсіпкерлерге айтарым, санитарлық талаптарды сақтап жұмыс істеу керек, қала тұрғындарының денсаулығына жауапкершілікпен қараңыздар. Мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді»,– деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Шымбергенұлы.

Ал әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан бұл мекеме осыған дейін де бірнеше мәрте тәртіп бұзып, көзге түскен еді. Бұл жолы да сол қателіктен сабақ алмағанға ұқсайды.

Бұл мекеме Ashyq бағдарламасымен жұмыс істесе де, әдеттегідей санитарлық талаптар сақталмаған. Себебі бас санитардың қаулысына сәйкес, келуші саны 50 пайыздан артық болмау керек. Мамандар қазір анықталған фактілер бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Көп ұзамай мамандар Алмалы ауданына қарасты Наурызбай көшесінің бойында қатар орналасқан 2 мекеменің жұмысын әшкереледі. Мұнда да сол әдеттегідей санитарлық талаптар сақталмаған, келушілер болса қор-қорды емін-еркін шегіп отыр. Алайда күтпеген жерден қонақтардың бірі біздің арнаның операторына шабуыл жасап, жағасына жармасты.  

Кейін оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп, операторға қарсы шыққан мас күйдегі азаматты полиция басқармасына алып кетті. Одан бөлек, караокеде отырғандар да мониторингтік топқа қарсы шығып, ұзақ уақыт салғыласты.

«Қазіргі таңда Алмалы ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлермен де алдын алу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудандық кәсіпкерлерден бас санитария дәрігерінің талаптарын сақтауды сұраймын», – деді Алмалы аудандық мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ақжан Есенұлы.

Айта кетейік, қазір қала «қызыл» аймақта болғандықтан, тексеріс жұмыстары  күшейтілген. Егер карантин тәртібі бұзылған жағдайда мекеме иелеріне хаттама толтырылып, айыппұл салынады.

МЕРЕЙ ҚАНАПИЯНОВ, ЯЛКУНЖАН ӘШІМЖАНОВ «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир